Жаңалықтар

ҚАРАҚҰМ КӨТЕРІЛІСІ

ҚАРАҚҰМ КӨТЕРІЛІСІ (1930) – әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған қозғалыс. Бұл көтеріліске Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Аламесек, т. б
31.08.2014 06:50 9877

ҚАРАҚҰМ КӨТЕРІЛІСІ (1930) әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған қозғалыс. Бұл көтеріліске Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Аламесек, т. б. аудандардың жеке-жеке топ болып, шаруа жайымен көшіп қонып жүрген шаруалары қатысты. Көршілес Ырғыз, Арал, Қарсақпай аудандарының бірқатар ауылдары да осы бас көтеруге қосылды. Жаңа өкіметтің қысымына шыдамай, Қарақұмды паналаған ауылдар қолдарына қару алып, қорғануға мәжбүр болды. Көтерілісшілердің үлкен бір тобын дін басы Ж.Бәйімбетов басқарды. Қуғыншы қызыл әскерлердің Қармақшыдан және Ырғыздан шыққан отрядтары 7-сәуірде көтерілісшілер жасырынған жерге таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Ал қызыл әскерлерден 40 адам өліп, олар кейін шегінуге мәжбүр болған. 1930 ж. 13 сәуірде Аралға келген әскери округтік комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚазОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемл. комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар қаруы бар көтерілісшілердің қаруын тапсыруға көндірді. Көтерілісшілер жағынан келіссөзге қармақшылық Бәйімбетов, т.б. қатысты. Олар үкімет алдына 7 шарт қойды. Мемл. комиссияның шешіміне қарамастан, Қазақстан К(б)П Өлкелік к-тінің 1-хатшысы Голощекиннің тапсырмасымен, келіссөзге қатынасқан Бәйімбетов, Ы.Әлмағамбетов, Б.Байбахтин, М.Қыпшақбаев, С.Қуандықбаев, Ө.Өмірбаев, Б.Талқанбаев, Т.Ахметов Алматыға әкелініп, абақтыға жабылды. 1930 ж. 15 шілдеде Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасының үштігімен олар түгелдей ату жазасына кесілді. Осыдан кейін Қарақұмдағы шаруалар қайтадан бас көтеріп, өздеріне Қ.Жұбановты хан етіп сайлаған. Сонымен, тамыз-желтоқсан айларында болған қарулы қақтығыстан кейін көтеріліске қатысты деген айыппен қолға түскен 586 адамның 210-ы кедейлер мен орташалар ретінде босатылды, 6 адамның ісі ОГПУ-дің Қарсақпай ауд. бөліміне жан-жақты тексеруге жіберілді. ОГПУ-дің Ерекше үштігінің шешімімен 175 адам ату жазасына кесілді. 172 адам 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 6 адам Қазақстанның өзге аймақтарына жер аударылды. Шығыс Сібірге 5 жылға 1 адам, еңбекпен түзету лагеріне 3 жылға 9 адам айдалды. Көтеріліске қатысушылардан 37 адам қаза тауып, 6 қызыл әскер, 3 саяси қызметкер, 3 коммунар өлген.

Әдеб.: Омарбеков Т., Қазақстанның 20 – 30 жылдар қасіреті, А., 1996.

Т. Омарбеков

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға