Жаңалықтар

Қарақат Әбілдина: «мектеп-студияны академияға айналдырғым келеді»

"Қарақат" мектеп-студиясына кімдерді қабылдайды?
09.08.2016 06:10 17150

Қазақ дәстүрлі ән өнерінің насихатшысы, эстрада жұлдызы Қарақат Әбілдинаны танымайтын қазақ кемде-кем. Көмейіне бұлбұл ұя салған қазақтың дарынды қызы бүгінде таңғажайып дауысымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерінің айтулы жұлдызына айналды.

Естеріңізге сала кетсек, 2009 жылы «Астана» университетінің құрметті профессоры, продюсер Қыдырәлі Болманов пен ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина дарынды балаларға арналған мектеп-студияның негізін қалаған болатын.

Құрметті оқырман, «Қарақат» музыка мектеп-студиясының бүгінгі жай-күйі мен оған қабылдау тәртібі, алдағы жоспары туралы айта отыруға рұқсат етіңіз.

Қарақат Әбілдина: «мектеп-студияны академияға айналдырғым келеді»

Қазір мектепте 200-ден астам оқушы музыкалық білім алып жатыр. Баланың музыкалық қабілетін жан-жақты дамыту, оның бойында музыка мәдениетінің негіздерін қалыптастыру үшін ұжымдағы 25 ұстаз барын салып еңбек етіп келеді. Ұстаздар эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, домбыра, фортепиано, қобыз, сазсырнай, жетіген, актерлік шеберлік және сахна тілі, хореография, сальфеджио бағыты бойынша сабақ үйретеді.

«Мектеп алғашқыда ашылғанда, 30 шақты бала ғана тәрбиелейміз деп жоспарладық. Бүгінгі таңда бала саны бес есеге артты. Саны да, сапасы да өсті. Аптаның 5 күнінде балалар осы жерде оқиды, музыкалық сауатын ашады. Топпен жұмыс істейді. Мақсатымыз – кішкентай аудиторияда жетілген жасты үлкен сахнаға шығару. Байқауларға қатысып тұрамыз. Жүлделі орындарымыз аз емес» дейді «Қарақат» мектеп-студиясының жетекшісі, әнші Қарақат Әбілдина.

Мектепке қабылдау шарты қандай?

Қарақат Әбілдина: «мектеп-студияны академияға айналдырғым келеді»

Орталыққа хабарласып, баласын оқытқысы келетін жандар аз емес. Алайда мұнда көңіл үшін деп, болмаса белгіленген ақыны төледі екен деп кез-келген баланы қабылдай бермейді. Арнайы шарты бар. «Өйткені баласын жетектеген әке-шеше баласының қабілетінен бұрын, өздерінің арманын іске асырғысы келеді» дейді мектептің атқарушы директоры Ботагөз Ибрагимова.

«Мұғалімі қандай болса, мектебі де сондай болмақ» деген. Салған жерден көрініп тұр.  Орталықтың мамандары балаларды жай ғана оқытып қоймай, теориялық білім берумен қатар, тәжірибемен негіздеп, ұштастырып отырады. Нәтижесінде 50-ге жуық жас жеткіншек республикалық және халықаралық байқаулардан олжалы оралған. Олардың ішінде Италияда өткен «Remini fest 2010» байқауынан, «Кинотаврик» спорты мен халықаралық балалар өнерінің фестивалінен бас жүлде алған жастар да бар. Жыл сайын Астана қаласында мектеп-студиясының оқушылары қорытынды концерт өткізіп келеді.

«Мектепте оқығысы келетін, ниет танытып отырған адамдар өте көп. Бірақ мектепке біз арнайы емтихан арқылы қабылдаймыз. Алдымен баланың музыкаға әуестігін, есту қабілетін, дауысын тексереміз. Баланың өзімен жеке, әке-шешесімен жеке сөйлесеміз. Өйткені әке-шешенің арманынан гөрі, баланың қабілеті мен таланты маңыздырақ. Мектепке 4-18 жас аралығындағы балалар қабылданады» дейді Ботагөз Ибрагимова.

Оқу ақысы қанша теңге?

«Қарақат» мектебінде топтық сабақтардың құны – айына 15 мың теңге. Оқыту бағдарламасында хореография, актерлік шеберлік және сахна тілі пәндері кіреді. Аптасына екі рет, ұзақтығы – 1 сағат 20 минут. Ал жеке сабақ алғысы келетіндер үшін оқу ақысы – айына 20 мың теңге (бұл – бір сабақтың ғана құны). Аптасына екі рет, ұзақтығы – 40 минут.

Арнайы жеңілдіктер кімдерге ұсынылады?

Орталықта арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. 2016 жылғы оқу мерзімінде мүмкіндігі шектеулі 12 бала тегін оқыған. Әлеуметтік жағдайы төмен, сондай-ақ , көпбалалы отбасынан шыққан 7 балаға қолдау көрсетіліп, оқу ақысына арнайы жеңілдік қарастырылыпты.

Қарақат Әбілдина: «мектеп-студияны академияға айналдырғым келеді»

Алтыншаш Мұқатаева осы мектепте үш жыл бойы тегін оқып келе жатыр. Оның ендігі мақсаты – биыл Астанадағы «Шабыт» өнер академиясына емтихан тапсырып, оқуға түсу. «Қарақат» мектебіндегі тыңғылықты дайындық пен көптеген мықты ұстаздардың дәрісі менің мүмкіндігімді арттырды» дейді ол. Алтыншаш өзінің мектепке келу тарихын былай баяндайды:

– Осыдан үш жыл бұрын «Бәріміз бірге, кемсітуді білмейміз» атты қалалық байқауға қатысқан болатынмын. Сөйтіп қалалық байқаудан бас жүлде алып, республикалық байқауға жолдама алдым. Енді маған музыкалық сауат, мықты дайындық керек болды. Содан кейін байқауға дайындалу үшін анам екеуіміз кәсіби мамандарды іздестіре келе, «Қарақат» мектеп-студиясына тоқтадық. Орталықта жұмыс істейтін ұстаздардың өзін ұстауы, кәсіби біліктілігі ерекше ұнап, осы мектепте оқуды жөн санадым. Сөйтіп эстрада өнері бағытында үш жыл бойы оқыдым. Бір жасымда ауырып, содан бері өздігімнен жүре алмаймын. Осы себепті мектеп әкімшілігі маған тегін оқуды ұсынды. Мектеп қабырғасында жүріп көптеген байқауларға қатысып жүрмін. Ең үлкен арманым – денсаулығым оңалып кетсе екен. Сонымен бірге, үлкен сахнада ұстазым Қарақат Әбілдина және Қайрат Нұртаспен дуэт айтқым келеді. Мектепте Қарақат апай менен бірнеше рет емтихан алды. Сонда, «Алтыншаш, сен әнді жүрекпен орындайсың. Адамның жүрегін елжірететін дауысың бар. Болашағың алда екеніне сенім білдіремін» деген сөзі мені шабыттандыра түседі».

Қарақат Әбілдина: «мектеп-студияны академияға айналдырғым келеді»

«Қарақат» мектебіне 6 жасында қабылданған Аяулым Сәдуақас қазір «Қарақат» жетігеншілер ансамбілінде өнер көрсетіп жүр. Қазір Аяулым – Астана қаласындағы №82 дарын мамандандырылған мектебінің 8 сынып оқушысы.

«Мен бұл мектепте 1 сыныптан бастап оқып келемін. Екі жылдай домбыра аспабын үйрендім. Бұдан соң жетіген ансамбілі мүшесі атандым. Қарақат апай біздің екінші анамыздай болып кетті. Бізге үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Бірнеше жыл бұрын республикалық телевизиялық балалар ән байқауынан I орын алдым. 2013 жылы Киевте өткен «junior eurovision» халықаралық конкурсына қатыстық. Одан басқа жақында Америка, Германия елдеріне барып өнер көрсетіп келдік. Қазір ансамбль құрамында 20-дан астам бала бар. Жетіген — жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Бұрын ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Қазір біздің ансамбль «Аңшының зары» әнін жетігенде үйреніп жатыр» дейді ол.

Шымкентте мектеп-студия ашылмақ

«1990 жылдары болу керек, теледидардан Жанар Айжанова апайымыз домбырамен тамылжытып ән салып тұр екен. Сонда мен бар болғаны 11 жастамын. Жанар Айжанованың домбырамен әуелете ән салып тұрған бейнесі әлі көз алдымда. Сонда әннің сөзін құштарлықпен тыңдап қағазға түсіріп, жаттап алдым. Ол кезде қазіргідей интернеттен жүктеп ала салатын мүмкіндік жоқ. Міне, содан бері қаншама жыл өтті. Енді өзім де бала тәрбиелеп отырмын. Ендігі арманым – шағын мектепті академияға айналдыру. Оның еш қиындығы жоқ, бұл уақыт пен қажырдың еншісіндегі дүние» дейді өткенді бір сәт еске алған Қарақат Әбілдина.

Қарақат Әбілдина: «мектеп-студияны академияға айналдырғым келеді»

Айтпақшы, қазір «Қарақат» мектеп студиясы Астана мен Алматы қалалаларында жұмыс істеп тұр. Әншінің айтуынша, жақын күндері Шымкент қаласынан да ашылмақ.

Түсінгендіктің шын белгілісі «иә» деген жауап емес, шәкірт жүзіндегі қуаныш болса керек. Мектеп қабырғасында білім алып жатқан әр шәкірттің жүзінен қуаныш пен күлкі көрдік. Егер мұғалім шәкіртін әкесі мен шешесіндей сүйетін болса, ол нағыз кемел ұстаз болғаны! Ендеше Қарақаттың аянып қалмай ел қамы, қазақ өнері үшін азды-көпті қосқан үлесі қандай марапатқа болсын лайық деп білеміз!


Ая ӨМІРТАЙ

Суреттер мектеп-студияның жеке мұрағатынан алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға