Жаңалықтар

Қарағандыдағы Достық үйінде танымал шебер 100 жылдық тарихы бар домбырамен шеберлік сыныбын өткізді

Қарағандыдағы Достық үйінде танымал шебер 100 жылдық тарихы бар домбырамен шеберлік сыныбын өткізді
17.01.2019 12:41 2670

Қарағандының Достық үйіндегі «Күй-керуен» орталығының алаңында домбырада ойнау шеберлік-сыныбы ұйымдастырылып өткізілді. Дәрісті қазақтың ұлттық аспабының танымал шебері Қайролла Сәдуақасов өткізді. 

Шеберлік-сыныпқа жиналған оқушыларға ұстаз домбыраның құрылысы жайлы сыр шертті. Қатысушылар қақпақ, мойын, алақан, шанақ деген ұғымдармен танысып, аспаптың қай жерінде орналасатынын көрді. 

Айта кеті керек, Қайролла Сәдуақасов - Қарағанды қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ашылған «Күй керуен» орталығының жетекші-ұстазы.

Қаладағы мектеп, колледж оқушыларына қазақ даласының сан ғасырлардан бері сырын сақтаған танымал аспабының қыр-сырымен таныстырып, домбырада ойнау шеберлігіне, оның ішінде шертпе күй ойнауды үйретіп жүрген Қайролла ағаның орталығындағы құнды жәдігер - атақты күйші Қыздарбек ойнаған 100 жылдық домбыра сақтаулы.

Шертпе  күй - аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын аспаптық пьеса. Көбіне мұны «арқа күйі» немесе «тәттімбетше» деп атайды.

«Менің шәкірттерім болашақта домбыра аспабын әлемге бұдан да кеңінен танытатын  шебер орындаушылар болса деп армандаймын. Президентіміздің айтқан ұлттық коды деген – міне осы. Домбыра – ұлтымыздың мәдени құндылығы. Әрине, домбыра үйрету сабақтары барлық мектептерде оқытылса деймін. Өскелең ұрпақ қазағымыздың ардақты қазынасын қастерлеп, сақтауы керек», – дейді белгілі шертпе күй шебері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дәулетбек Сәдуақасовтың ұлы Қайролла Сәдуақасов.

Айта кету керек, шебер домбырашы жуырда бауырларымен бірге Сарыарқаның музыкалық дәстүрлеріне арнап «Мәнгілік сарын» кітабын жарыққа шығарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға