Жаңалықтар

Қарағандыда украин халқының ақыны Тарас Шевченконың шығармашылығына арналған айлық қорытындыланды

Қарағандыда украин халқының ақыны Тарас Шевченконың шығармашылығына арналған айлық қорытындыланды
26.03.2019 11:50 4103

Қарағандыда украиндық ақын, публицист, суретші, прозаик, этнограф Тарас Шевченконың 205 жылдығына орай облыстық Т.Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің ұйымдастыруымен шығармашылық кеш өтті.

Қоғамдық бірлестік биылғы жылы наурыз айын толықтай ақынның шығармашылығына арнапты. Осы ай ішінде ұйымдастырушылар жастар арасында Шевченко оқуларын, «ең үздік украин ұлттық киімі», «ақын өлеңін үздік оқу» конкурстарын ұйымдастырып, кітап көрмелерін өткізді. Ал бұл  концерт - ай бойы өткізілген іс шаралардың қортындысы.

Салтанатты кешке Қазақстандағы Украин елшілігінің өкілдері, Павлодар қаласынан келген қонақтар, Галина Плечен бастаған «Рідне слово» серіктестігінің әуесқой жастар тобы және Ирина Скокова ұстаздық ететін жексенбілік мектеп оқушылары қатысты.

Сонымен қатар, облыстық Ассамблея өкілдері, «Видергебурт» неміс орталығының төрағасы Виктор Кист және республикалық «Жаңғыру жолы»  жастар қозғалысының аймақтық штаб төрағасы Александр Урмашов та игі шараның құрметті қонақтары атанды.

Облыстық Т.Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің төрайымы Зеновия Красивскаяның айтуынша, соңғы жылдары бұндай шығармашылық кештерді өткізу қауымдастықтың жарқын дәстүріне айналған.

«Тарас Шевченконың рухани мұрасы - бүкіл адамзатқа ортақ құндылық. Сол себептен ол Қазақстан тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі, қазақ және украин халықтарының арасындағы рухани туыстықтың дәнекері болып есептеледі», - деді З. Красивская.

Шығармашылық кешке қатысушылар ақын өлеңдерін қазақ және украин тілдерінде оқып, ұлттық биден шашу шашты. Ерекше атап кететіні, шарада   павлодарлық «Чарующие струны» вокалды-аспаптық ансамблі өнерлерімен жұртшылықты тәнті етіп, зор қошеметке ие болды. 

Елшілік өкілі Тарас Бунисевич шақырту үшін алғысын білдіріп, осындай шаралар ел бірлігіне үндеп, ұлтаралық қарым қатынасты, екі ел арасындағы байланысты бекем ете түсетінін алға тартты.

Облыстағы «Рiдне слово» украин тілі қауымдастығы өз жұмысын 1991 жылы бастады. Серіктестік құрамында жексенбілік мектеп бар. Этномәдени бірлестік халықтар достығы мен ұлт аралық қатынастарды бекіту мақсатында ұйымдастырылған барлық іс шараларға белсенді қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға