Жаңалықтар

Қарағандыда мемлекеттік органдардың халықпен тиімді кері байланыс тетіктерін енгізу механизмдері қарастырылды

Қарағандыда мемлекеттік органдардың халықпен тиімді кері байланыс тетіктерін енгізу механизмдері қарастырылды
20.03.2019 05:37 3217

Қарағандыдағы Достық үйінде аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті.

Шарада этномәдени орталықтардың мүшелері, саяси партия мен қоғамдық бірлестік өкілдері және жастар қанаты белсенділері мен мемлекеттік орган басшылары бас қосып, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесудің  басты тақырыбы Мемлекет басшысының 2019 жылға қойған міндеттері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік органдардың халықпен тиімді кері байланыс тетіктерін енгізу» арнайы жобасын жүзеге асыру болды.

Азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететін заманауи құралдардың бірі Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестері болып табылатыны кездейсоқтық емес.

Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі міндеті – азаматтық, қоғамдық келісім және қоғамдағы жалпыұлттық бірлік қағидатында қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту және сол мақсатта  азаматтық қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, өзге де бірлестіктерді бір арнаға шоғырландыру болып табылады.

Президенттің тапсырмасы бойынша қазір іске асырылып жатқан маңызды бағыттардың бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетігін жетілдіру.  Аталған мәселе бойынша Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Төлеу Мұхтар сөз сөйледі. Ол өз сөзінде «Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі сұрау салынған құжаттарды оңтайландыру арқылы жеңілдетіліп, сол арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері ақпараттық жүйелерде мәлімет болмаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұрата алады. Жұмыс «Е-Халық»ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жүргізіледі», - деді.

Ол сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек құжаттарын жаңа форматта қабылдау 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырылатындығын атап өтті. Атаулы көмекке ие болғысы келген азаматтар қалалар мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарына, ал ауылдық елді-мекен тұрғындары селолық округ әкімдерінің аппараттарына жүгінгені жөн.

Басқосуда келесі сөзді Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирас Құттыбай алды. Ол мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары, даму тенденциялары мен болашағы жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, облыс бойынша ірі қалалардың базарлары мен вокзалдарында жұмысқа орналастыру пункттері ашылғандығын және елді мекендер бойынша жүргізілетін мобильді жұмыспен қамту пункттері іске қосылып жатқанын жеткізді. 13 наурыз күні Қарағанды Тәуелсіздік алаңында «Jastar úshіn» ақпараттық керуені бастау алды. Көшпелі керуен құрамында мемлекеттік органдардың, «Даму» Қорының, қаржы институттары мен банктердің, жастар ұйымдарының өкілдері болды.Мирас Құттыбай сондай-ақ биыл облыста «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1000-ға жуық адамды, соның ішінде жас адамдарды оқыту жоспарланғанын хабарлады. Сонымен қатар, осы жылы жастарға стартаптарды іске асыру үшін 200 АЕК көлемінде гранттар бөлінді, бұл шамамен 500 мың теңгені құрайды.

Шара барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, оларға жауап алды.

Осы жылы облысымызда бастау алған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Кедергісіз орта», елді мекендерде мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергіге жол ЖОҚ"/"НЕТ-Барьерам" әлеуметтік жобасы туралы Т. Г. Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің төрағасы, ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Зеновья Красивская айтып берді. Ол сөз барысында жобаның облыста іске асырылуы және қызметі туралы айта келіп,  негізгі мақсат-қоғамда «тосқауылсыз орта» идеяларын насихаттау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларын шешуде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың күшін біріктіру керектігін түсіндірді.

Мүгедектігі бар адамдар үшін олардың жеке дербестігі мен еркіндігі өте маңызды. Барлық адамдар сияқты мүмкіндігі шектеулі адам да мүгедектер креслосымен ақ кез келген мекемеге кіруге құқылы. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңда: мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету туралы айтылған  бап бар. Бірақ көбіне мүгедектер үшін бейімделген, тиісті пандустары бар деген ғимараттардың өзінде басқа да қолайсыздықтардың туындауы қалыпты жағдайға айналған.

Қоғамдық рейд жыл бойы өткізіледі. Мониторинг нәтижелері мен осы топтардың қызметін талдағаннан кейін әрбір өңірде  осы мәселе  бойынша қажеттілік картасы мен ұсынымдар әзірленетін болады. Мониторинг нәтижелері мен қажеттіліктер картасы белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдарға, яғни облыстық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына беріледі.

Іс-шара соңында жыл бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерін, сондай-ақ кәсіпорындарда жұмыс жоспарын іске асыруды қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге қоғамдық сананы жаңғыртудағы мемлекеттік бағдарламаларды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру керектігі айтылды. Бекзат Алтынбеков Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы қазақстандық қоғамды кешенді әлеуметтік жаңғыртудың қозғаушы күші болуы керектігін және әлеуметтік бірлік пен бірегейлікті нығайтуға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға