Қарағанды облысында тәулік ішінде 17 табиғи өрт тіркелді
Қарағанды облысында ауа райының ыстық болуына және қатты жел соғуына байланысты жоғары өрт қауіпсіздігі сақталып отыр. Өңірдің ТЖД мәліметінше, бір тәулік ішінде 17 табиғи өрт тіркеліп, оның 9-ы жойылды, деп хабарлайды El.kz.
7 қыркүйек күні сағат 10.00-дегі жағдай бойынша 3 табиғи өрт және 5 дала өрті бақылауға алынды, оның ішінде:
Табиғи (дала) өрт:
5 қыркүйекте сағат 09-28 шамасында Шет ауданы, Мыңбаев ауылдық округі, Қызылтау ауылынан 12 шықырым жерде құрғақ шөп өртенді (алдын ала болжаммен ауданы 300 га).
6 қыркүйекте сағат 16-20 шамасында Шет ауданы, Нұраталды ауылы, Шопа ауылынан батысқа қарай 25 шақырым жерде құрғақ шөп өртенді (алдын ала болжаммен ауданы 1000 га).
Табиғи (орман) өрт:
6 қыркүйек күні сағат 16:40-та Бұқар жырау ауданы, Үміткер ауылы, «Белағаш орман шаруашылығы» ММ Төрткөл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде, ағаштар және құрғақ шөп өртенді, шамамен ауданы 10 га.
Дала өрттері:
1. 6 қыркүйекте сағат 10:28-де Нұра ауданы, Қарақойын ауылдық округі, Керей ауылынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде құрғақ шөптің жануы орын алды.
2. 6 қыркүйекте сағат 13:13-те Қарқаралы ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округі, Аппаз ауылынан шығысқа қарай 20 шақырым жерде құрғақ шөптің жануы орын алды.
3.6 қыркүйекте сағат 16:15-те Шет ауданы, Киікті ауылдық округі, Киікті ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 65 шақырым жерде құрғақ шөптің жануы орын алды.
4. 6 қыркүйекте сағат 18:20-да Шет ауданы, Ақшоқын ауылдық округі, Қызылтау ауылынан шығысқа қарай 15 шақырым жерде құрғақ шөптің жануы орын алды.
5. 6 қыркүйек күні сағат 23:00-де Шет ауданы, Бұрма ауылдық округі, Бұрма ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 9 шақырым жерде құрғақ шөптің жануы орын алды.
«Барлық ошақтарда ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың ерікті өрт сөндіру құрамаларының және орманшылықтардың күштері жұмылдырылды. Табиғи өрттер мен жануды жоюға барлығы 362 адам мен 83 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ТЖД.
Тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жану анықталған жағдайда дереу 101 және 112 телефондарына қоңырау шалу қажет.