Жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫ МЕН ҚОСТАНАЙДА КОРЕЙ ХАЛҚЫНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ БОЙЫНША ЖАҢА ЖЫЛ АТАП ӨТІЛДІ

ҚАРАҒАНДЫ МЕН ҚОСТАНАЙДА КОРЕЙ ХАЛҚЫНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ БОЙЫНША ЖАҢА ЖЫЛ АТАП ӨТІЛДІ
12.02.2019 06:18 3162

Қарағандының кәріс этномәдени орталығы ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылға арналған «Сольналь» мерекесін атап өтті.

Мерекеге кәріс халқының дәстүрлерімен, мәдениетімен танысып, ойын-сауықтық бағдарламаға қатысуға әртүрлі этнос өкілдері жиналды. «Сольналь» - ақпан айының басында тойланатын, жаңа мен жаңашылдықтың жаршысы есептелетін мейрам. Кәрістер оның Наурыз тойына ұқсайтынын айтады: сондай әдемі, алқызыл түсті мейірім күні. Дәстүрлеріміз де бір-біріне етене жақын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ару көктемді асыға күту – «Сольналь» мерекесінің басты сипаты. Бұл күні кәрістер өздерінің  «ханбок» ұлттық киімін киеді. Себебі, мерекеде реніш атаулыны ұмытып, жақындармен қуанышты бөлісу ұсынылады.

 Бұдан соң, ән мен күйге, ойын-сауыққа кезек берілді.

«Ұлттық дәстүрлерді жаңғырта отырып, сақтап, жалғастыру - әр этнос үшін өте маңызды. Біздің көп ұлтты шаңырағымызда әдет-ғұрыпты сақтау үшін, өзге этностардың мәдениетімен танысу үшін барлық жағдай жасалған.   Бейбітшілік пен келісімде өмір сүрудеміз, оның бірден-бір дәлелі –баршамыздың басымызды қосқан бүгінгі шара. Мұндай кездесулер мен басқосулар біздің татулығымызды одан сайын бекем ете түседі», – дейді облыстық ассамблея төрағасының орынбасары Деспина Касапиди.     

Кеш соңында жиналғандарды самульнори ұрмалы аспаптар ансамблінің өнері  ерекше тамсандырды.

Қостанайда да корей халқының Жаңа жыл мерекесі кеңінен аталып өтті.

Ай күнтізбесі бойынша келетін Жаңа жыл отбасылық мерекесіне халық көп жиналды.

Іс-шаралар легі корей отбасыларының арасында өткен «Ури корё каджок» атты облыстық байқауымен басталды. Байқауға төрт отбасы қатысты.

Әрбір отбасы алдымен өздерін таныстырып, шығармашылық өнерлерін ортаға салды және салт-дәстүрден көрініс қойды.

Байқауды жеребе бойынша ең жас отбасы әулеті бастады.

Жас жұбайлар спортпен шұғылданады, отағасы Қостанайдағы Джун Ри До Федерациясының басшысы. Ерлі-зайыпты таэквондо қимылдарын жетік меңгерген, қауіп төнген жағдайда қорғану амалдарын көрсетті.

Шығармашылық кезеңінде қазақ тілінде тамаша  ән айтып, байқаудың үшінші кезеңінде іс-шара көрермендерін асянди рәсімімен (сәби бір жасқа толғанда жасалатын ырым) таныстырды.

Екінші нөмірде өнер көрсеткен Хегай әулеті байқаудың алғашқы кезеңінде өздерін таныстырып шықты, екінші кезеңде корей тілінде сызылта ән шырқады, одан кейін отбасының ұйтқысын сақтап отырған Бэлла ханым Хато (корей халқының бал ашуға арналған карталары) арқылы бал ашты.

Үшінші нөмірде өнер көрсеткен Ким әулеті (Қостанай қаласы) өздерін өлең арқылы таныстырып, отбасындағы аға буын өкілдеріне иіліп сәлем берді. Корей халқы үшін бұл дәстүрдің мәні зор. 

 

Қостанай ауданынан келген Ким-Нұрышевтар отбасы байқауға жан-жақты дайындалған. Олар өздерін  өрімді  өлең өрмектері арқылы таныстырып, ерлі-зайыпты өздерінің табысып, отбасы құрғандығы туралы көрініс қойды, қонақжайлылығымен де таң қалдырды, сахна төріне тағамдардың сан алуан түрі қойылған ақ дастарқан жайылды.

Байқау қорытындысы бойынша, Құралбай әулеті – «Ең позитивті отбасы», Хегай әулеті - «Берекелі отбасы», Ким әулеті – «Өнерлі отбасы», Ким-Нұрышевтар әулеті «Ең жасампаз» отбасы номинацияларына ие болды. Сондай-ақ, Ким-Нұрышевтар отбасы облыстық Ассамблея тағайындаған «Отбасы – бірлік тірегі» атты арнайы номинация жүлдегері атанды.

Астана қаласынан арнайы қонаққа келген корей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері корей халқының үйлену тойын көрсетіп, мерекенің шырайын ашты.

Байқаудан кейін мереке қонақтары үшін «Сольналь» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.

Сондай-ақ, мереке барысында тапқырлығымен танылған көрермендерге Достық үйінің атынан сыйлықтар және іс-шара серіктестері тағайындаған  сертификаттар табысталды.

Жас көрермендердің барлығы бағдарлама соңына қарай ұйымдастырылған К-РОР фестивалін тамашалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға