Жаңалықтар

Әр қазақ баспаналы болуы тиіс: Қазақстан кәсіпкерлері бас қосты

Әр қазақ баспаналы болуы тиіс: Қазақстан кәсіпкерлері бас қосты
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 24.06.2023 23:12 5486

Қазақстанда алғаш рет құрылысшылар қауымына және кәсіпкерлерге арналған ауқымды форум өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен құрылысшылар, ірі кәсіпкерлер және өзге саланың бизнес өкілдері қатысты.

Бизнес-форумның басты мақсаты – елдегі дағдарыс уақытында кәсіпкерлердің басын қосып, дағдарыстан шығу жолдарын қарастыру, ортақ шешімге келу. Осы мақсатта іс-шараға Рахим Ошакбаев, Арман Евнеев сынды эксперттер мен Санжар Боқаев секілді қоғам белсенділері шақырылған.

Іс-шараға бүкіл Қазақстаннан 1000-нан астам кәсіпкер қатысты. Форум қатысушыларға маркетинг, сатып алу, бизнес және құрылыс салаларында білім көкжиектерін кеңейтуге мүмкіндік беріп, тәжірибе алмасу ортасы болды. Форум туралы Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев өз пікірін білдірді:

Қазіргі уақытта нарықта баспана іздеп жүрген тұрғындардың мүмкіншілігі азайып жатыр. Өйткені қолжетімді несиелері жоқ. Жылдан жылға мұқтаж азаматтардың саны азаймай қайта көбейіп келе жатыр. Жергілікті атқару органдарының кезегіне тіркелу жеті жыл бұрын 540 болатын, қазір уақытта 628-630-ға дейін көтерілді. Жыл сайын еліміз 13-15 миллион шаршы метрдей тұрғын үй салып жатыр. Былтыр келісімшартқа тұрған азаматтардың саны 465 мың болған. Биыл қаңтар, ақпан, наурыз айларының ішінде тек 72 мың ғана. Егер осы тренд жалғаса берсе биыл 290 ғана болады. Былтырғыдан екі есе аз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның стратегиялық даму бағдарламасында айтылғандай ең бірінші елдің дамуына мүмкіндік туғызу. Екінші, қауіпсіздік. Үшінші тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. Оған жету үшін әр Қазақстандық баспаналы болуы тиіс. Ол үшін мүмкіншілік керек. 2030-ға дейін қысқа ғана 7 жылда біз бүкіл қазақстандықты баспанамен қамтамасыз ете алмаймыз. Еліміздің дамуы – әр қазақты баспанамен қамтамасыз етумен байланысты. Сондықтан біз осы форум арқылы жағдайды елге, үкіметке жеткізу, нарықты өзгертетін, елімізді дамытатын нақты шешім шығару басты мақсатымыз, - деді Талғат Ерғалиев.

Кез келген уақытта ақша табуға мүмкіндік беретін жүйе құрудың жолдары, мықты команда қалыптастырудағы коммуникацияның маңызы, жеке бренд құрудағы алгоритмдер және экономикалық құлдырау кезінде қалай  жұмыс жасау керектігі сияқты сұрақтар форум аясында талқыланды.  

Бүгінгі күні құрылыс ел экономикасы өсімінің басты драйвері, сондай-ақ инвестициялаудың неғұрлым тартымды бағыттарының бірі болып табылады. Жұмыспен қамтылғандардың 620 мыңы дәл осы құрылыс саласында жұмыс істейді. Осы сектордың үлесіне Қазақстанның ЖІӨ-нің 5,6% - ы тиесілі.

Сол себептен де баспанаға сұраныстың төмендеуі құрылыс және жылжымайтын мүлік секторында, еңбек нарығында, сондай-ақ азаматтардың жалпы әлеуметтік әл-ауқатына әсер ететін сала проблемаларын қарастыруда жаңа идеялар мен көзқарастарды әзірлеу арқылы нақты шешімдердің алгоритмдерін құру өте маңызды.

Жылдар бойы құрылыс саласында қажырлы еңбек еткен құрылысшылар, жергелікті атқарушы органдар, одақтың серіктестері және БАҚ өкілдері іс-шараның құрметті қонақтары ретінде қатысты.

Форум қатысушыларына арнап жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі, іс-шара демеушісінің ұйымдастырумен бір миллион теңге ұтыс ойнатылып, Қазақстанның жетекші құрылыс компанияларының жетекшілерінен кеңес алу мүмкіндігіне де ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға