Жаңалықтар

Әр балаға жыл сайын 150-160 доллар аударылады

Әр балаға жыл сайын 150-160 доллар аударылады
Фото: malishandiy.ru 22.02.2023 19:00 2498

2024 жылдан бастап жоспар бойынша 6,5 миллион баланың жинақтау шоттарына Ұлттық қордан ақша түсіп отыратын болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгінгі жастардың көпшілігі баспанасыз. Статистикаға сай мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі жоғары оқу орынана түсіп уақыт жоғалтпай, жұмыс істеп жағдай жасауды ойлайды. Осы ретте Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың болашаққа нық сеніммен аяқ басуы үшін  Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынды. Бұл бастама жастардың ересек өмірге деген жолдамасы болмақ. Кәмелетке толғанға дейін жинақталған қор тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсалады. Жыл сайын бірінші қаңтар күні жасалатын аударымның болжамалы қаржысы белгілі болды.

Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары қор қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен жаңа тәсілдері мәселесін талқылаған болатын. Белгілі болғандай бала шотындағы ақшаға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғамы  моноторинг жүргізетін болады. Ақша аударымы шартты түрде жүзеге асады. Яғни, шоттағы ақша әрдайым мемлекеттік айналымда болады.

«Инвестициялық табыстың мөлшерлемесін алдыңғы кезеңдердегі орташа жылдық қорытынды негізінде айқындау жоспарланып отыр. Бағдарламаның жоспарына сай туғаннан бастап қатысатын балаға жыл сайын 150-160 АҚШ доллары көлемінде кәмелетке толғанға дейін 18 төлем жасалады. Шот қаражатына салық салынбайды», – дейді қаржы вице-министрі  Дәурен Темірбеков.

Қолға алынған бастама «экономикадағы ұлттық байлықты тең бөлу» қағидаты бойынша жүзеге асады. Негізінен Ұлттық қордағы ақшаның көп үлесін еліміздің жердің астындағы байлықтарымыздан түскен табыс құрайды. Барлығына мәлім Қазақстан жері өте бай. Ал вице-министрдің келтірген болжамды сомасын 18-ге көбейткенде бала жинағы шамамен 3 500 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бұл көрсеткіш басқа елдердің саясатында белгіленген қаржыдан әлдеқайда төмен. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігінде бала дүниеге келгенде 20 мың доллар бөлініп, кәмелетке толғанға дейін 100 мың долларды құрайды. Бұл ретте Қаржы министрлігінің айтуынша, әлі де құжаттар мен заңнамаларға түзетулер мен өзгерістер енгізіледі.

«Қазіргі таңда құжаттар мен бірқатар мәселелерді қарастырып жатырмыз. Әлі шешімін таппаған мәселелер бойынша басқа да министрлік өкілдерімен жұмыстар жүргізіледі. 2022 жылы Ұлттық қордың инвестициясы 1,8 трлн-ды құрады. Мемлекет басшысының ұсынысында айтқандай табыстың жарты бөлігі балалардың шотына түседі. Яғни, инвестиция жоғары өсім көрсетсе, сәйкесінше балаларға аударым мөлшері еселенеді», - дейді Қаржы министрлігінің департамент директоры Айбол Арғынғазинов.

Конституцияда «әрбір азамат өзінің әл ауқаты және бақ дәулеті үшін өзі жауапты» деген тарау бар. Сондықтан барлық жүкті мемлекетке артпау керек дейді қаржыгерлер. Халықты тағы бір алаңдатқан мәселе – баланың жинақ қорына ата-анасы ерікті түрде ақша құюына мүмкіндігі.

«Осы сынды сұрақтарға жауап ретінде бізде әлі де нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізінен балаға кез келген банктен есеп шот ашып ақша жинау арқылы үстемақы алып отыруға болады. Өйткені шоттағы салым доллар бойынша сақталады. 18 жасқа толғанда барлық ақша доллармен беріледі. Доллардың инфлицияға ұшырау қаупі төмен», - деді Айбол Арғынғазинов.

Кәмелеттік жасқа толған азамат шоттағы ақшаны оқуға немесе баспана алуға қолданыла алады. Нақтырақ айтқанда, оқуға шет елге түскен жағдайда оқу ақысына төлем аударылады. Ал жылжымайтын мүлік міндетті түрде Қазақстан аумағында болуы керек. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселенің бірі жиналған қорды бала еміне аудару болып отыр. Бұл сұрақ министрліктің талқылауында.

Ата-ана өз баласының шоттағы ақшасын Egov mobile қосымшасы арқылы бақылай алады. ЖСН және туу туралы куәліктің нөмірі енгізілгеннен кейін баланың шотында қанша қаражат бар екені туралы ақпаратты көруге болады. Бұл жүйе 2024 жылдан бастап, 18 жасқа толмаған барлық балаларға қолжетімді болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға