«Ақын» фильмі Португалияда бас жүлдеге ие болды
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі 10-20 қараша аралығында Португалияда өткен Lisbon & Sintra Film Festival 2022 (LEFFEST) кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Фильм технологияның даму дәуірінде түсініксіз және маңызды емес болып қалудан қорқатын ақын туралы баяндайды. Сценарий неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» әңгімесіне негізделген. Таспаның түсірілімі Алматы, Алматы облысы және Атырауда өтті. Басты кейіпкерді белгілі әнші және музыкант Ердос Қанаев сомдады.
Естеріңізге сала кетейік, фильмнің әлемдік премьерасы 2021 жылы Жапониядағы 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің басты байқауында өтті, онда фильм «Үздік режиссура» үшін марапатталды. Осы жылдың басында фильм Германиядағы 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде байқаудан тыс көрсетілді. Сондай-ақ, «Ақын» Бразилиядағы Olhar de Cinema халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» сыйлығын жеңіп алды.
Қазақстанда картина осы жылдың сәуір айында шектеулі прокатқа шығарылды. Сондай-ақ, 14 желтоқсаннан бастап «Ақын» Франция кинотеатрларында прокатқа шығатыны белгілі болды.