Жаңалықтар

«Aqyl Battle» республикалық quiz лигасы оффлайн форматта өтеді

«Aqyl Battle» республикалық quiz лигасы оффлайн форматта өтеді
Фото: ortcom.kz 25.04.2023 17:00 1597

Елімізде «Aqyl Battle» республикалық интеллектуалдық турнирі басталады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын әзірледі. Бұл құжат Үкімет тарапынан қолдау тауып, бекітілді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов тұжырымдаманы іске асыру жоспары аясында жастарды интеллектуалды қолдауға бағытталған бірқатар жоба қарастырылғанын айтты.

Қазақстанда мемлекеттік тілде заманауи зияткерлік командалық ойындарды дамытуға арналған «Aqyl Battle» клубы құрылады. Осы клуб аясында «Aqyl Battle» республикалық quiz лигасы қазақ тілінде жұмысын бастайды. Оған 14-35 жас аралығындағы кез келген жастар қатыса алады. Шын мәнінде, бұл зияткерлік жаңа қозғалыс еліміздегі жастардың бойында білім алу, өз бетімен жұмыс істеу, өзін-өзі дамыту сынды өмірлік қағидаттарды қалыптастыратын болады, - деді ол.

«Aqyl Battle» жыл бойы Қазақстанның барлық өңірлерін қамтып келеді. Онлайн форматта әр аймақтағы ең интеллектуалды жастар анықталып, үздіктері оффлайн форматындағы ойында сайысқа түседі.

Жыл соңында бізді Астана қаласында үлкен финал күтіп тұр. Ол біздің республикамыздың әр бұрышынан шыққан жеңімпаздарды жинайды, - деді Евгений Кочетов.

Отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев қазіргі уақытта интеллектуалды элитаны қалыптастырып, зияткер ұрпақты тәрбиелеу қажет екенін атап өтті.

«Aqyl Battle» ойынының статистикасын қарайтын болсақ, оны үлкендерге қарағанда 14-35 жас аралығындағы жастар көбірек ойнайды екен. Соның ішінде мектеп оқушылары мен студенттер де бар. Себебі ойынның кейбір сұрақтары Ұлттық бірыңғай тестілеуде келеді. Бұл ойын қазақ тілді жоба ретінде IT саласына үлкен жаңалық алып келді, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға