Жаңалықтар

«Aqyl Battle Cup» жеңімпазы 1 миллион теңге алады

«Aqyl Battle Cup» жеңімпазы 1 миллион теңге алады
Фото: Pixabay.com 25.04.2023 17:35 1232

Елімізде 14-35 жас аралығындағы жастар арасында өтетін «Aqyl Battle Cup» сайысы 3 кезеңде жүзеге асырылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бірінші кезең – өңірлік онлайн іріктеу. Екінші кезең – өңірлік финал. Үшінші кезең – республикалық суперфинал. Сайыстың бірінші кезеңі 1-20 мамыр аралығында болады. Ал финалдық сайыс биылғы жылдың қазан айында өтеді деп жоспарлануда.

«Болашақ Қазақстанға» ҚҚ атқарушы директоры Бибінұр Шербаева жастардың турнирге «Aqyl Battle» қосымшасын телефонға жүктеу арқылы қатыса алатынын айтты.

«Әр өңір бойынша ең көп ұпай жинаған 100 қатысушы орталықта өтетін турнирге қатысады. Ол жерден команда жасақталып, өзара бақ сынайтын болады. Ішіндегі үздік топ Астана қаласында өтетін республикалық «Aqyl Battle Cup» сайысына қатысады. Ойынның әрбір кезеңінде бағалап отыратын қазылар алқасы болады. Ең соңғы шешім негізінде әділ қазылардың балл қоюымен ең көп ұпай жинаған команда жеңіске жетеді. Жалпы жүлде қоры 2 600 000 теңгені құрайды, - деді директор.

«Aqyl Battle Cup» сайысында бірінші орын алған қатысушы – 1 миллион теңге, екінші орын алған қатысушы – 500 мың теңге, үшінші орын алған қатысушы – 300 мың теңге, төртінші орын алған қатысушы 200 мың теңгеге ие болады. Ал әлеуметтік желіде ең көп лүпіл жинаған креативті топ 600 мың теңге сыйақы жеңіп алады.

Сондай-ақ Бибінұр Шербаева сайысқа қатысуға келген өңірлік азаматтардың Астана қаласында орналасуы, үш мезгіл тамақтануын толығымен өзіміз қамтамасыз етеміз дейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға