Жаңалықтар

Ақтөбеліктер Түркия халқына көмек ретінде 175 мың доллар жинады

Өңірден 30 тоннаға жуық жүк жөнелтілді
Ақтөбеліктер Түркия халқына көмек ретінде 175 мың доллар жинады
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 22.04.2023 18:11 1286

Түркияның Ақтаудағы бас консулы түрік халқына көрсеткен көмегі үшін ақтөбеліктерге алғысын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап. 

Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин жер сілкінісінен зардап шеккен халықты қолдап, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған ақтөбеліктерге алғыс білдірді. Ол жолдаған хатта мұндай апат енді қайталанбасын деген тілегін жеткізген.

«Екі бауырлас ел ретінде, осынау қиын кезеңде жанымыздан табылып, бар материалдық және моральдық мүмкіндіктерін жұмылдырып, көмекке асыққан қазақ бауырларымызға алғыс айта отырып, табиғи апат салдарынан қаза тапқан 3 жас қазақ бауырларымызға да Алладан рахым тілей отырып, отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Осындай қиын сәтте, 30 тонна және 175 мың АҚШ доллары көмек жолдап қолда көрсетіп, қайғымызды бөліскен Ақтөбе жұртшылығына, бауырларымызға жеке алғысымызды білдіре отырып, мұндай апат енді қайталанбасын деп дұға етеміз», - деп жазды Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин.

Табиғи апат орын алған күннен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бауырлас елге жан-жақты көмек көрсету мақсатында іздестіру-құтқару топтары жіберілді. Үкімет тарапынан ақшалай көмектен бөлек, гуманитарлық көмек жіберілді. Ақтөбе облысының тұрғындары да қайғылы жағдайға ортақтасып, түркиялықтарға қол ұшын созды. 30 тонна гуманитарлық көмек жіберді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға