Жаңалықтар

Ақтөбелік дәрігер қоянжырықпен туған 5 мың балаға операция жасаған

Ақтөбелік дәрігер қоянжырықпен туған 5 мың балаға операция жасаған
Фото: Видеодан кадр 09.03.2024 00:36 2263

Ақтөбелік дәрігер, бет-жақ хирургі Бақыт Жаналина осы уақытқа дейін қоянжырықпен туған 5 мың балаға операция жасаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.

40 жылдық еңбек өтілі бар ғылым докторы өз саласы бойынша еліміздің батыс аймағындағы ең білікті маман. Ол 8-інші наурызда да көбіне жұмыста болатынын, алайда бұл күнді асыға күтетінін айтады. Бақыт Секербекқызы жұмыс бабымен Қарағандыдан ауысып келген. Шәкірттері өте көп, еліміздің бірнеше облысында еңбек етіп жүр. Білікті дәрігерді мереке қарсаңында құттықтап жатқандар да аз емес. Тіпті, өзі операция жасаған таңдай жырығымен туған балалардың бірінің анасы хабарласып, қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірген.

Барып, бала конкурстан бірінші орын алған. Ол өлең айтады, дауысы өте жақсы. Үш айлығында мен бірінші операцияны жасаппын.Соны айтады да, «өте ризамыз, сіздің арқаңызда осындай болды» дейді де олар, - дейді бет-жақ хирургі, медицина ғылымының докторы Бақыт Жаналина.

Ал Алматылық кардиохирург Жанар Нұрбай да өз ісіне адал берілген жан. Еңбек өтілі 13 жыл. Өз саласы бойынша Алматыдағы ең білікті деген санаулы дәрігердің бірі. Қазір Алматы қаласы мен облыста жүрек ақауы бар 50 мың адам бар екен. Оның 5 пайызы дәрігерлердің көмегіне зәру. Былтыр Жанар бастаған мамандар өңірде алғаш рет жүрек алмастыру отасын сәтті жасады. Қазір төрт емделуші жасанды жүрек аппаратымен жүр. Кезегі келгенде оларға да операция жасалады.

Бұл, әсіресе, әйел адам үшін өте қиын мамандық. Мен бала кезімнен дәрігер, оның ішінде хирург боламын деп армандадым. Сондықтан бәріне де дайынмын. Отбасы мүшелерінің де түсіністік танытқаны өте маңызды. Өйткені, біз түнгі екіде де, таңғы алтыда да жұмысқа шұғыл баруымыз мүмкін. Жаңа жылда, наурызда және басқа мерекелер кезінде де жұмыс орында болған кездеріміз аз емес, - дейді дәрігер-кардиохирург Жанар Нұрбай.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға