Жаңалықтар

Ақтөбеде жұмысқа қабылдау үшін пара алған білім бөлімінің басшысы сотталды

Ақтөбеде жұмысқа қабылдау үшін пара алған білім бөлімінің басшысы сотталды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 06.12.2023 00:19 1458

Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Айбек Алданов 400 мың теңге пара алғаны үшін сотталды. Ол мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасуды қалаған адамнан танысы арқылы ақша алған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап.

Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Айбек Алдановқа «Пара алу», ал оның танысы Айдар Маханбетовке «Пара беру» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, 2023 жылы қыркүйек айында А.Маханбетовке туысы келіп, әйелін ауылдағы орта мектепке жұмысқа орналастыру үшін көмектесуін сұрайды.

Өз кезегінде сотталушы А.Маханбетов тауысы әрі Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Айбек Алдановқа хабарласып, әйелді мектепке жұмысқа қабылдауға өтініш білдірген. Сол кезде Айбек Алданов өз қызметін пайдаланып, мектеп директорына өзі атаған адамды мұғалім ретінде жұмысқа қабылдауға тапсырма береді. Сол үшін де пара ретінде 400 000 теңге талап еткен.

А.Маханбетов ісінің заңсыз екенін біле тұра Айбек Алдановқа делдал болуға келісіп, аталған қаражатты қолма-қол түрде берген. Сот отырысында сотталушылар тағылған айыпты мойындады. Прокурор соттан белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, Айбек Алдановты 3 жыл 6 айға, Маханбетовті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде Айбек Алдановтың мүгедек баласы бар екені, шын жүректен өкінетіні, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға көмектескені ескерілді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, Алдановты 3 жыл, Маханбетовті 1 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының атына жеке қаулы шығарылды,- деп хабарлады Ырғыз аудындық сотының баспасөз қызметіндегілер. .

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға