Ақтөбеде зейнеткерлерді алдаған жас жігіт ұсталды

Ақтөбе полицейлері үш зейнеткерді алдаған жас жігітті ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР ІІМ мәліметінше, алданған зейнеткерлер 83, 87 және 90 жаста. Алаяқ құрбандарына жақын туысының жол-апатына түскенін айтып алдап, осы мәселені шешуде қол ұшын созатынын айтқан. Нәтижесінде егде жастағы жәбірленушілер жиналған барлық жинағынан айырылып, жалпы шығын 5 млн теңгеден асты.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Ақтау қаласының 18 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 4-тармағының 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі - «ірі мөлшерде, екі және одан да көп адамға қатысты алаяқтық», - делінген мәліметте.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайды.
