Ақтөбеде ТЖ жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шалхаров ТЖ жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы мен 12 аудан аумағында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарлы жүргізілуде. Дайындық аясында қорғаныс бөгеттері салынып, арықтар мен каналдарды, су өткізу құбырларын тазарту жалғасуда. Құм толтырылған қаптар дайындалып, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Өңірімізде мұндай 22 орын бар.
Облыстық ТЖД бастығы Кахарман Оразалиннің айтуынша, ТЖД қызметкерлері 59 бау-бақша ұжымын (1 854 үй) аралап, тұрғындарға қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету туралы жадынамалар мен буклеттер таратты.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров су басу қаупін азайту үшін көшелерді және аула аумақтарын қардан тазартуды, жаңбыр суын сору жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне мониторингті күшейту және алдын алу шараларын уақытылы жүргізу міндеттелді.
