Ақтөбеде TikTok-қа қару ұстап түскен суреттерін жүктеген жасөспірімдер анықталды

Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған фотосуреттерін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, TikTok әлеуметтік желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша тәрізді заттарды ұстап түскен бірнеше фотосурет жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында анықталғандай, олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді.
Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге контент үшін барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсатында емес, тек қызығушылықтан жасағандарын түсіндірді. Аталған факт бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, олар профилактикалық есепке алынды. Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 10 сәуірден бастап республика аумағында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Бұл шара аясында құқық қорғау органдары рейдтік және профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, әлеуметтік желілерде де жан-жақты мониторинг жүргізуде.
