Ақтөбеде «Таза Қазақстан: Қоқыссыз болашаққа қадам» форумы өтті

Ақтөбеде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Таза Қазақстан: Қоқыссыз болашаққа қадам» атты өңірлік экологиялық форумы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Форум аясында Экологиялық инновациялар көрмесі, «Тоқыма қалдықтарын қайта пайдалану» жобасы – тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, «Жұбанов эко кампусы» және «Жаңа эко аудан» 3D модельдері – жасыл қалалық жоспарлау, эко тұрғын кешен және экокөпір макеттері – экологиялық инфрақұрылымды дамыту жобалары таныстырылып, «Жасыл игілік» көгалдандыру акциясы ұйымдастырылды.
Экологиялық инновациялар көрмесі кезінде студенттер мен эко-волонтерлер көшеттер отырғызып, қалалық жасыл аймақтарды кеңейтуге атсалысты. Форумға экология саласының сарапшылары, ғалымдар, мұғалімдер, мемлекеттік органдар өкілдері, жастар ұйымдары және еріктілер қатысты. Бұл шара өңір жастарының экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясына 418 643 тұрғын, 7 689 мекеме мен кәсіпорын қатысқан, шара барысында 105 845 аула (2 923 көппәтерлі тұрғын үй 102 922 жеке тұрғын үй), 1 481 әлеуметтік нысан аумағы тазартылды. Сондай-ақ, 291 саябақ пен сквер ретке келтірілді. Елді мекендер аумағында 356 111 ағаш және 6 415 бұта отырғызылды.
207 су объектілерінің жағаулары (өзендер, көлдер, бұлақтар), 44 бірлік жасанды су айдындары, 93 920 метр арықтардан қоқыстар шығарылды. Бағдарлама аясында батырлар мен белгілі тарихи тұлғаларға арналған 259 ескерткіштердің айналасындағы аумақтар да қамтылды.
Аумақтарды жинау үшін 6 203 бірлік техника тартылып, қатты тұрмыстық қалдық полигондарына 74 270 тонна қалдық жеткізілді. Бүгінгі форумның мақсаты – Ақтөбе облысы жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық ағартушылық жұмыстарын дамыту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға бағытталған.
Форумның негізгі міндеттері: экологиялық инновациялар мен тәжірибелерді дәріптеу – жасыл технологиялар мен тұрақты даму бағытындағы стартаптарды таныстыру; экологиялық белсенділікті арттыру – «Жасыл игілік» акциясы арқылы табиғатты қорғау бастамаларын қолдау; қоғамдық қателіктерді талқылау – «FailConf» сессиясында экологияға әсер ететін қателіктерді талдау және олардан сабақ алу; жастардың үлгі боларлық бастамаларын қолдау – экологиялық өмір салтын насихаттау және жаңа шешімдерді ұсыну болып отыр.
