Жаңалықтар

Ақтөбеде су тасқынына қарсы іс-шаралар барысы пысықталды

Ақтөбеде су тасқынына қарсы іс-шаралар барысы пысықталды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі 26.01.2025 06:38 406

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шалхаров Ақтөбедегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өңір басшысы облыс орталығының негізгі су объектілері мен су тасқыны қауіпті учаскелерін бағамдады. Асхат Шалхаров облыстық ТЖ департаментінің командалық-штабтық машинасы мен пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен Елек және Қарғалы өзендерінің бойындағы ықтимал қауіпті учаскелерді, сондай-ақ Сазды су қоймасын қарап шықты.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта ұзындығы 1300 метрді құрайтын Елек өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, тәуекел аймағына түскен Ақтөберентген-14, 16, Урожайный, Зеленстрой бау-бақша ұжымдарында еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жерлерде Заречный көпірінен Кірпішті көпіріне дейін Елек өзенінің бойымен үйінді жасалады. Жұмыстарды «ZNS Group» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізеді, жобаның құны – 117,55 млн теңге.

Бұдан өзге аймақ басшысы Сазды су қоймасының ағымдағы жөндеу барысын да тексерді. Мұнда су жинақтаушы орынның түбін бөлшектеу, екі қатарлы арматурамен бетон құю және мұздан қорғайтын қабырғаны орнату жұмыстары аяқталған.

Қаланы жұмыс бабымен аралау соңында әкім жағалауды нығайту жұмыстарының аяқталуын жеделдетуді және неғұрлым осал аумақтарда қорғаныс бөгеттерін салуға кірісуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға