Жаңалықтар

Ақтөбеде полицей қызметтік қарудан танысын атып тастады

Ақтөбеде полицей қызметтік қарудан танысын атып тастады
Фото: istockphoto 26.03.2025 17:17 424

Ақтөбеде полиция қызметкері қызметтік қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып, салдарынан танысына оқ атқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 25 наурызға қараған түні болған. Бұл жөнінде Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімет таратты.

Құқық қорғау органы қызметкері қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда қызметтік қарудан оқ атқан. Нәтижесінде оның танысы жарақат алды, – делінген ведомство хабарламасында.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы – «Салғырттық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Оқ атқан полиция қызметкері қызметтік міндетінен уақытша шеттетілді. Тергеу барысы Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бақылауында екені атап өтілді.

Ал жарақат алған азамат бірден ауруханаға жеткізілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шегушіге шұғыл медициналық көмек көрсетілген.

Науқас 25 наурызда оқ жарақатымен түсті. Оған алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты, ауруханада ем қабылдап жатыр, – деді басқарма өкілдері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға