Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановты еске алды

Облыс орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабанов көшесіндегі ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақтөбеліктер 10 сәуірде 100 жылдығы болған Ұлы Отан соғысының жауынгері, Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановты еске алуға арналған шараға көптеп жиналды. Олардың қатарында әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауған соғысына қатысушылар, сондай-ақ батырдың туыстары мен жақындары бар.
Иманғали Білтабанов 1925 жылы Қобда ауданы Қосөткел ауылында дүниеге келген. 1943 жылы майданға шақырылып, 289-шы Нарва атқыштар полкінің құрамында соғысқан.
Польша жеріндегі ұрыс қимылдары кезінде пулемет есептобының командирі сержант Иманғали Білтабанов Оппельн қаласының оңтүстігіндегі Одер өзенінен сәтті өтті. 1945 жылы 25 қаңтарда Батыс жағалаудағы Одерфельд ауылының маңындағы жағажайды ұстап тұру үшін болған шайқаста пулеметпен ондаған жау сарбазы мен офицерінің көзін жойды. Осы ұрыста жараланып, контузия алса да ұрыс алаңын тастап кетпеді. 1945 жылы 26 ақпандағы шайқаста ерлікпен қаза тапты.
Көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Иманғали Білтабановқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қосөткел ауылындағы ауылдық округ батырдың есімімен аталады. Бір минут үнсіздікпен басталған салтанатты шара Иманғали Білтабановтың ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.
