Жаңалықтар

Ақтөбеде ғалымдар «Көкжиде» кен орнындағы мәселені талқылады

Ақтөбеде ғалымдар «Көкжиде» кен орнындағы мәселені талқылады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 07.12.2024 10:28 376
5-6 желтоқсан күндері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы және «Самғау» ғылыми-техникалық инициативалар орталығы ұйымдастыруымен ғылыми-техникалық сессия өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға ғалымдар, сарапшылар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Энергетика министрлігінің, Ғылым комитеті мен Ғылым қорының өкілдері қатысты.

Сессияның алғашқы күні ғалымдар «Көкжиде» кен орнындағы жер асты суларының мұнай өндіруден ластануы мәселесін талқылады. Сессия қатысушылары іс-шара барысында жер асты суларының сапасын сақтау бойынша тиімді шешімдер мен шаралар ұсынылатынына сенім білдірді.

Сессияның екінші күні қатысушылар «Көкжиде» жерасты су кен орнына қатысты ғылыми-технологиялық шешімдерді бірлесіп іздеу және әзірлеумен айналысты. Іс-шара аясында су саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар тәжірибе және ұсыныстармен алмасып, өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға арналған инновациялық идеялар әзірледі. Сондай-ақ, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен KazEnergy жүргізген геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулердің аралық нәтижелері ұсынылды. «Schlumberger», «Halliburton» және «Baker Hughes» сынды әлемдік жетекші компаниялар мен «SNPC-AMG» АҚ өкілдері осындай кен орындарын игеру тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС өндірістік алаңдарына экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар жұмыс процестерімен танысты.

Бұл шара ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту және экологиялық ластанумен күрес пен су ресурстарының жағдайын жақсарту үшін тиімді шешімдер іздеуде маңызды қадам болды.
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға