Жаңалықтар

Ақтөбеде «Еңбегі жанған арулар» халықаралық форумы өтті

Форум осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр
Ақтөбеде «Еңбегі жанған арулар» халықаралық форумы өтті
Фото: gov.kz 16.12.2022 01:35 1904

Ақтөбеде «Еңбегі жанған арулар» халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды El.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімдігі мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының  Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырған іс-шараға Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан, сондай-ақ, облыстық 12 ауданынан келген іскер әйелдер бас қосты. Мұндағы мақсат – Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін көтеру, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін ілгерілету.

Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚР іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті Раушан Сәрсембаева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай қатысты.

Форум қатысушылары кондитерлік, тігін шеберлігі, мейрамхана, салон бизнесі және басқа да бағыттар бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Ералы Тоғжанов мал етінен түрлі өнімдер дайындайтын ақтөбелік кәсіпкердің цехында болып, шеберлік сабағының өту барысымен танысты.

Алқалы басқосу аясында өз күшімен ісін бастаған ақтөбелік кәсіпкерлердің тауарлары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Ақтөбеде «Еңбегі жанған арулар» халықаралық форумы өтті

Өңірімізде мемлекеттік қолдаулардың арқасында бизнесті сәтті жүргізуге барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, қиындықтарға тайсалмау керек. Өңірлер бөлінісінде Ақтөбе облысы қолдауға ие болған кәсіпкерлер саны бойынша 1 орында. Ақтөбелік әйел азаматтары, қыз-келіншектер бизнесте белсенді. Облыста шағын және орта бизнес саласында тіркелгендердің 40,0 мыңы әйел кәсіпкерлер немесе кәсіпкерлердің 45,8% құрайды. Бұл елімізде гендерлік саясаттың шын мәнінде жұмыс істейтіндігінің дәлелі, - деді форум аясында сөз алған Ералы Тоғжанов.

 «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті Раушан Сәрсембаева «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудың арқасында Ақтөбе облысында кәсіпкер әйелдердің саны едәуір артатынына сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға