Жаңалықтар

Ақтөбеде боран салдарынан үйлердің шатыры ұшып жатыр

Ақтөбеде боран салдарынан үйлердің шатыры ұшып жатыр
Фото: Видеодан кадр 07.02.2024 21:38 884

Ақтөбеліктер соңғы тәуліктерде ақтүтек бораннан көз ашпай отыр. Жолдар жабылып, көлік қатынасы қиындады. Бүгін ұшып келуі тиіс төрт әуе рейсінің уақыты да кейінге шегерілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.

20-дан аса ауылда жарық өшіп қалды. Ал облыс орталығында қатты желдің салдарынан үйлердің шатыры ұшып жатыр. Өңірде тұрғындарға көмек көрсету мақсатында арнайы штаб құрылып, жедел желі байланысы іске қосылды. Ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.

Аймақтағы тілшінің айтуынша, желдің екпіні қатты болғаны соншалық, бес қабатты үйдің шатырын ұшырып әкетті. Қазір мұндағы жұрт тысқа шығуға үрейленіп отыр. Себебі, төбе жабындысының қалған бөлігі үстеріне құлауы әбден мүмкін.

Бұл аумақтағы екінші үйдің де шатырының бір бөлігі ұшып кеткен. Қазір оқиға орнында құтқарушылар мен әкімдік өкілдері жүр. Полиция аймақты қоршап, адамдардың әрі-бері жүруіне тыйым салды. Жауаптылардың айтуынша, ақау жуық арада жөнделеді. Бораннан өткен түнде облыс орталығының өзінде 3 мың абонент жарықсыз қалды. Одан бөлек, электр қуатынан ажыраған алыс елді мекендер де бар.

Бізге қолбайлау болып отырғаны – көз көрінбес боран болып, сол жерлерге жете алмай отырмыз. Қазіргі таңда атқарушы директорымыз бас болып, екі тягяч, спецтехникаларымыз сонда шығып кетті, - дейді «Энергосистема» ЖШС бас инженері Асқар Бектұрғанов.

Қарлы боранның салдарынан қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын жолаушылар автобустары бүгін жүрген жоқ. Ал республикалық, ауданаралық маңыздағы автожолдардағы жағдай тіпті күрделі. Жүк көліктері жол бойында бірнеше шақырымға созыла тізіліп, тоқтап тұр.

Біз Әзірбайжаннан Астана қаласына тауар апара жатқан едік. Осында тұрғанымызға үш күн болды. Жанармайымыз, азық-түлігіміз таусылды. Дегенмен, жергілікті тұрғындар көмектесті. Бұл жерде тағы қанша тұратынымыз белгісіз, - дейді көлік жүргізушісі Джаваншир Гулиев.

Ақтүтек боранда жолда қалғандар да көп. Полицейлер «Самара-Шымкент» тас жолы бойында тұрып қалған автобус жолаушыларына көмектесті. Көлік ішіндегі Тәжікстан Республикасының 66 азаматы жақын жердегі кемпинге эвакуацияланды. Сондай-ақ, жалғыз-жарымдап үйлерінен шығып, адасқан тұрғындар да бар. Олардың бірі тіпті, жұмысынан жақын жердегі үйіне жете алмаған.

Синоптиктер боранның беті әзір қайтпайды деп отыр. Бұған дейін желіде алдағы тәуліктерде өңірде желдің жылдамдығы секундына 50, тіпті 100 метрге жетеді деген үрейлі хабарламалар тараған еді. Мамандар оны жоққа шығарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға