Жаңалықтар

Ақтөбеде әйелі мен балаларын ұрып-соққан азамат сотталды

Ақтөбеде әйелі мен балаларын ұрып-соққан азамат сотталды
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 24.11.2024 02:19 2952

Полицияның жедел әрекеттерінің нәтижесінде қылмыстық теріс қылық жасаған ер адам қылмыстық жазаға тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық ПД мәліметінше, оқиға Ақтөбе қаласында болған. Қала тұрғыны бұрынғы әйелі мен балаларына алкогольдік масаң күйде келіп жанжал шығарып, көшеде кәмелетке толмаған ұлдарына тиісіп, қол жұмсаған. Балаларын бұл жерден дереу алып кетуге тырысқан анасын қуып жетіп, қасақана ниетпен әйелге бірнеше соққылар жасаған.

Бұл дерек бойынша Ақтөбе қаласының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 109-1-бабымен дереу қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Тиісті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілді, - делінген мәліметте.

2024 жылғы 21 қарашада осы іс бойынша сот үкімі шықты. Екі немесе одан да көп адамды және көрінеу кәмелетке толмағандарды ұрып-соғу түріндегі қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін сот үкімі бойынша ер адам 45 тәулікке қамаққа алу жазасына кесілді. Сонымен қатар, сотталушыға ерекше талаптар белгіленіп, ол алкоголь және есірткі өнімдерін қолданбау, сондай-ақ ішкі істер органдарына айына үш рет келуге міндеттелді.

Бұған қоса, сотталушының бір жыл мерзімге жәбірленушімен кез келген байланысына тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде Мемлекет басшысы денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін, сондай-ақ ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған заңға қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға