Ақтөбеде асық атудан ел кубогы басталды
Ақтөбе қаласында Асық атудан ел кубогы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақтөбе қаласында асық атудан Қазақстан кубогы басталды. Жарыс 30 қазанда басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады.
Турнирде Астана, Шымкент, Ақтөбе қалалары мен Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған 100-ден аса спортшы сынға түсіп жатыр. Ерлер – Асық атудан жарысса, әйелдер Бес асықтан бақ сынайды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанаты ҚР Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов пен ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржановтың қатысуымен өтті.
Федерация ұлттық спортты дамытуға күш салып келеді. Жеке өз басым жаңадан сайланған басшы ретінде осы істі зерттеп-зерделеп, жан-жақты жұмыс жүргізуге кірісіп кеттім. Алдағы уақытта, яғни биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылы іске асыратын нақты жобаларымыз бар. Ал бүгінгі жарысқа қатысатын барлық спортшыға сәттілік тілеймін, - деді Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов.
Қазақстан кубогындағы жеңімпаз командалар үшін қаржылай сыйақы қарастырылған.
Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің кубогымен, дипломдарымен және медальдарымен марапатталады.