Ақтөбеде алимент төлемей, құмар ойын ойнаған борышкерлер жазаланды
Ақтөбе облысы прокуратурасы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тексеру барысында алимент өндіру жөніндегі сот актілерін орындау барысында көптеген заң бұзушылықтар, оның ішінде борышкерлерді жұмысқа орналастыруда сот орындаушыларының әрекетсіздігі, борышкерлердің мүлкіне тыйым салынбау, тұрақты жұмысы бола тұра, еңбекақыдан қаражат ұстамау, борышкерлердің табыстарын жасыру, борышкерлердің туристік жолдамалар сатып алу және құмар ойындарға ақша салу т.б. анықталды.
Бұдан бөлек, борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Атап айтқанда, борышкерлердің бірі табысының әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан жалған анықтама ұсынып, ең төмен мөлшерде алимент төлеген.
Тағы бір борышкер қымбат туристік жолдама сатып алуға қаржылық мүмкіндігі бола тұра, алимент төлемей, шетелге демалысқа шыққан.
Сондай-ақ, 10 борышкерлер ақшалай қаражаттары бола тұра, оларды букмекерлік кеңселерде жұмсаған.
Тексеру нәтижесінде борышкерлерге ҚК-нің 139-бабымен 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 5 борышкерге қатысты сот шешімдері шығарылды.