Ақтөбеде алаяқтар тұрғын үй сатуға қатысты жалған келісімшарттар жасаған

Ақтөбе қаласында бәзбіреулердің «Samruk-Kazyna Construction» АҚ атынан тұрғынжайларды сатып алу құқығымен жалға беру туралы келісімшартқа отырып жатқаны анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Орын алған алаяқтық фактілердің анық-қанығын мен пысықайларды анықтау мақсатында Қоғамның құқықтық сүйемелдеу департаменті құқық қорғау органдарына жүгінді.
Қазақстан тұрғындары үшін маңызды ақпарат: «Samruk-Kazyna Construction» АҚ 2020 жылдан бастап тұрғын үйлердің құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайды, әзірге тұрғынжайларды сатып алу құқығымен жалға беру бойынша бағдарламаларды іске асыру жоспарда жоқ. Қоғам аталған қызметті 2010-2020 жылдар аралығында атқарды.
Назар аударарлық жайт, 2019 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қайта тіркеу жүргізіліп, компания атауы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ болып өзгертілді (бұрынғы атау – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ»).
Тұрғындарды барынша сақ болуға шақырамыз: кез келген келісімшартқа отырмас бұрын мағлұматтарды ресми ақпарат көздері арқылы тексеріп алыңыздар. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қатысты күмән келтірерлік жағдайға тап болсаңыз, төмендегі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз.
