Жаңалықтар

Ақтөбе облысында жерді бүлдірген компанияға айыппұл салынды

Ақтөбе облысында жерді бүлдірген компанияға айыппұл салынды
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 02.05.2025 15:44 206

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жер қойнауын пайдаланушылар жер заңнамасын өрескел бұзған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақтөбе облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің лицензиясы мен жер учаскесіне қатысты құжаттарсыз жер қазу жұмыстарын жүргізгені белгілі болды.

Кен орнында шамамен 10 гектар аумақта, тереңдігі 5 метрге дейін жететін көлемді жұмыстар жүргізілген. Бұл ретте топырақ жамылғысын сақтау талаптары сақталмаған. Құнарлы топырақ қабаты алынбай, құрылыс құмымен араласып кеткен, бұл оның жойылуына әкеп соқтырған. Мамандар мұндай жерлерді қалпына келтіру көп уақыт пен шығынды қажет ететінін атап өтті.

Сонымен қатар, кен орнына апаратын жол заңсыз түрде шамамен 1 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер арқылы төселгені анықталды.

Тексеру нәтижелері бойынша ЖШС-нің әрекеті жерді бүлдіру ретінде сараланып, заңды тұлғаға 700 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға