Жаңалықтар

Ақтөбе облысында тұратын жалғыз соғыс ардагері 100 жасқа толды

Ақтөбе облысында тұратын жалғыз соғыс ардагері 100 жасқа толды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 02.01.2024 00:29 1212

1 қаңтар күні Ұлы Отан соғысының ардагері, Хромтау қаласының тұрғыны Василий Грецкий 100 жасқа толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Асхат Шахаров сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен майдангерді үйіне құттықтап барды. Ғасыр куәгеріне өңір басшысы Ақтөбе жұртшылығының атынан жылы лебізін жеткізді.

Бір ғасырдың куәгері болу - екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.  Бізге сыйлаған бейбіт өмір, ашық аспан үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Кеудеңізге тағылған медальдар - үлкен еңбектің жемісі. Ерлігіңіз ешқашан ұмытылмайды. Деніңіз сау болсын. Немере-шөберелердің ортасында ұзақ ғұмыр кешіңіз, - деген Асхат Шахаров мерейтой иесіне бағалы сыйлық табыстады. 

Ақсақал да өз кезегінде батасын беріп, елге амандық пен тыныштық, бейбіт өмір тіледі. Бірде-бір ұрпақ соғыс көрмесін деді. 

 Айтып өту керек, Василий Грецкий - Ақтөбе облысында көзі тірі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері. 

Оның балалық шағы қиындықпен өткен. Әкесінен ерте айырылған Василий Грецкий 5 бауырымен бірге мақта жинап, нан тауып, күндерін көрген. Соғыс басталған шақта алдымен оның үлкен ағасы, 1942 жылы шілдеде өзі Қызыл Әскер қатарына шақырылды. Алматыда 6 ай қызмет еткеннен кейін ол майданға аттанады. Ардагер атты әскер корпусында қызмет етті. Украина мен Беларуссия, Польша, Чехословакия, Румыния және Германия майдандарында соғысқан.

Жауынгерлік қызметі үшін 1944 жылдың күзінде мемлекеттік «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылды. Кейін II дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды.

Василий Иванович жеңісті Берлиннен 75 шақырым жерде орналасқан ауруханада қарсы алған. Кейін олардың полкі Орал қаласына жіберіледі. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты демобилизацияланды.

Бүгінде ардагер 3 баласынан 6 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға