Жаңалықтар

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 170 шағын және орта кәсіпкерлік нысан анықталды

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 170  шағын және орта кәсіпкерлік нысан анықталды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 15.05.2024 21:44 497

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 170  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері  анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазіргі таңда облыста су тасқынынан 170 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 2 990,5 млн теңге шығынға ұшырағаны белгілі болды. Оның ішінде ауыл шаруашылық саласына жататын субъектілерді қоспағанда, бизнестің басқа салаларында 79 субъекті анықталып жатыр. 

Комиссия Ақтөбе қаласы бойынша 49 ШОК нысанын қарап шықты. Аралап тексеру нәтижесі бойынша алдын ала шығын көлемі 1183,2 млн теңгені құрады. Оның ішінде «Алматы» ауданы бойынша 43 бизнес субъектісі, «Астана» ауданында 6 субъект бар екені анықталды.

Атап өту керек, көрсетілген сандар әлі де өзгереді, бұл – тек шығынның алдын-ала есептелген мөлшері. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласына жататын субъектілер үшін жаңа заңнамалық қағидалар бекітілуде. Шығындарды өтеу бойынша шешімді облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған Аймақтық комиссия шығарады. Еске салайық, су тасқыны кезінде бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлер биылғы жылдың 30 қарашасына дейін шығынды өтеп алу туралы өтініш бере алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға