Ақтөбе облысында су тасқыны жағдайы тұрақты
Ақтөбе облысында су тасқыны жағдайы тұрақты, бақылауда, деп хабарлайды El.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтемес жасап.
Елді мекендерде қарды шығару және еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда, оның ішінде Ақтөбеде ауа температурасының +7 градусқа дейін жылынуы мен көп мөлшерде жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басу жағдайы байқалды.
Ақтөбеде биылғы қыста 2021-2022 жылдардағы қысқы маусымға қарағанда қар екі есе көп жауды. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жауған қардың мөлшері орташа айлық нормадан асып түсті. Сонымен қатар, 1-7 наурыз аралығында жауған қар мен жаңбыр түріндегі жауын-шашын айлық норманың 80%-нан асады. Жедел қабылданған шаралардың арқасында қала маңындағы тұрғын үйлерді су басуға жол берілмеді, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралар тәулік бойы күшейтілген режимде жалғасуда.
Жалпы, қыс басталғалы Ақтөбеде полигонға 210 мың текше метр қар шығарылды, сондай-ақ 7 наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін облыс орталығының көшелерінен шамамен 14 мың текше метр еріген қар су сорылды.