Жаңалықтар

Ақтөбе облысында қираған үйлер мен жолдар қашан қалпына келеді?

Ақтөбе облысында қираған үйлер мен жолдар қашан қалпына келеді?
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.04.2024 18:44 659

Ақтөбе облысында тасқынның зардабын жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонында өңір басшысы Асхат Шахаров мәлім етті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің сөзінше, қазіргі таңда Ырғыз ауданында Қостанай облысынан Торғай өзені арқылы келетін су қауіпті болып тұр.

Мамыр, Нұра, Белшер деген елді мекеннен 1200 адамды біз осы айдың 13-інде толығымен көшіріп, қауіпсіз жерге орналастырдық. Барлық жерде су бәсеңдеді. Қазір салдарымен күресуге жұмысты бастап кеттік. Қазір ең басты мәселе - жол, байланыс, қатынас, оның бәрін қазір шештік, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ баспанасынан айырылған жандарға бизнес қауымдастығы тарапынан көмек көрсетілгені белгілі. Облыс әкімі кәсіпкерлерден түскен қаражат туралы айтып берді.

Президент барлық аймақтарға мүмкіндігі бар ел азаматтарын бекітті. Соның ішінде бізде «Болат Өтемұратов» қайырымдылық қоры осы жұмысты бастап кетті. 10, 5 миллиард теңге көлемінде зардап шеккен және баспанасыз қалған біздің тұрғындарға өз көмегін беретін болады. Бұдан өзге жергілікті компаниялар 600 миллионнан астам өзіміз ашқан «Қамқор Ақтөбе» қорына қаржы аударды, – деді ол.

Ал баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғындарға берілетін жаңа үйлердің құрылысы қашан басталады?

Қазіргі таңда облыс бойынша аудандардан 595 үй анықталып отыр. Соған байланысты 21 компания бекітіліп, 87 үйге құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастап кеттік, – дейді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің көмек ретінде аударған ақшасы бүлінген әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге, тасқын шайған жолдарды салуға, еріген қар суының астында қалған елді мекендерге инфрақұрылым тартуға, дүние-мүлкінен айырылған азаматтарға үй сатып алуға және жаңа баспананың құрылысына жұмсалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға