Ақтөбе облысында пара алған шенеунік сотталды

Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Антикор мәліметінше, Ақтөбе қаласының №2 соты облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Шағалбаевқа және оның орынбасары Н.Досжановқа қатысты үкім шығарды.
Биылғы 28 қаңтарда олар дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін жүзеге асыруға лицензияны кедергісіз бергені үшін коммерциялық ұйым басшысынан 1 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды, - делінген мәліметте.
Сот лауазымды тұлғаларды пара алғаны үшін, ал кәсіпкерді пара бергені үшін кінәлі деп тауып, оларға мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20-дан 35 млн теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде жаза тағайындады.
