Ақтөбе облысында онлайн-казино ұйымдастырушылар 306 млн теңге табыс тапқан
![Ақтөбе облысында онлайн-казино ұйымдастырушылар 306 млн теңге табыс тапқан Ақтөбе облысында онлайн-казино ұйымдастырушылар 306 млн теңге табыс тапқан](/storage/storage/element/2025/02/10/mainphoto/141856/1200xauto_VGHv8wtDcYbhi6hveq5JGaY1HzHFA9kSysLwsgKG.jpg)
ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен заңсыз онлайн-казино ойынын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚМА мәліметінше, күдіктілер 2022-2024 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, «bingo37.pro» платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін басқарған.
Қатысушылардан ақшалай бәсті операторлар банктік аударым арқылы қабылдаған, содан кейін оларды платформаға тіркеп, ойынға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме ұсынған.
Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдіктілер дроптарды — көлденең адамдарды тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеген. Ақшаның қылмыстық ізін жасыру мақсатында осы карталар арқылы олар қомақты ақша сомаларын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған, - делінген мәліметте.
Заңсыз онлайн-казиноның қызметінен күн сайын 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін ақша түсіп отырған.
Топтың жалпы қылмыстық табысы 306 миллион теңгеден асқан.
Қаржылық тергеу барысында күдіктілер заңсыз алынған ақшаға жалпы құны 66 миллион теңгені құрайтын «Toyota Land Cruiser» және «Lexus EC 250» маркалы екі автокөлік алғаны анықталды.
Осы көліктерді тәркілеу мүмкіндігінен жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған автокөліктерге тыйым салынды.
Ұйымдастырушыларға қатысты сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады, - деп қосты агенттік.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)