Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық барысы пысықталды

Ақтөбе облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық штабтың кезектен тыс отырысын өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің сөзінше, былтыр топырақтың терең қатуы мен жер тоңының қалыңдығына байланысты су басу себебі болған. Оның үстіне былтыр қар аралас жауын-шашынның көп болғанын көрінеді.
Ал, өңірдегі бүгінгі жағдай мынадай: Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес Ақтөбе, сондай-ақ Мұғалжар, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында топырақтың қату деңгейі 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5-2 есе асады. Бұл 2025 жылы су тасқыны қаупінің жоғары екендігін көрсетеді.
Ықтимал төтенше жағдайларға шұғыл ден қою үшін жеке құрамның 2 454 адамы, 866 бірлік техникасы, 441 мотопомпа, 102 жүзу құралы, 638 су өткізбейтін комбинезон, 82 шатыр, 2 далалық ас үй және 157 генератор дайындалды. Сондай-ақ, жалпы сыйымдылығы 34 990 адам сыятын 199 уақытша орналастыру пункті әзірленген.
Қажет жағдайда, қосымша Қызылорда (30 адам, 6 бірлік техника) және Маңғыстау облыстарынан (45 адам, 5 бірлік техника) ТЖМ күштері мен құралдары тартылады. Ақпан мен наурыз айлары аралығында су тасқыны кезеңінің қауіпсіздік айлығы өткізіліп жатыр, бұл бағытта жадынамалар таратылады, аулаларды аралау және халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Қалада тәуекел аймағында орналасқан 80 бау-бақша ұжымы бар. Эвакуация жағдайында ондағы тұрғындар 16 уақытша орналастыру пунктіне бөлінбек.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов атап өткендей, Мира көшесіндегі көпірдің жанына қапшықтар (1 200 дана төселген) төсеу арқылы Песчанка өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе бойынша қосымша қауіпті аумақтар анықталды. Онда күш құрылымдарын тарта отырып, жағалауды нығайту және қорғаныс біліктерін тұрғызу жұмыстарын жүргізу қажет.
Бұдан өзге, Ақтөбе, Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Қобда және Хромтау аудандарында жарылыс жұмыстарын жүргізетін 22 орын анықталды. Осыған қатысты бүгінгі күні Ақтөбе, Алға және Ойыл аудандарының әкімдіктері «Normal Work» ЖШС-мен келісімшарт бекіткен.
Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі – жеке бақылауымда. Биыл су басу қаупі бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан барлық жауапты органдар жедел және үйлесімді әрекет етуі керек. Қалалар мен аудандар әкімдерінен арықтарды, каналдарды, бөгеттерді және су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын 10 наурызға дейін аяқтауды тапсырамын. Бау-бақша ұжымдарындағы және қауіпті аймақтағы елді мекендердегі қорғаныс құрылыстарына ерекше назар аударылсын. Әкімдіктер азық-түлік, дәрі-дәрмек және жылы заттарды қоса алғанда, барлық қажетті заттармен уақытша орналастыру пункттерін қамтамасыз етуі тиіс. Егер бір жерде жұмыс тиісінше орындалмаса, біз әкімшілік тиісті шаралар қолданамыз. Су тасқыны кезеңі барынша жауапкершілікті талап етеді сондықтан әркім өз жұмысының маңыздылығын түсінуі тиіс, - деді сөзін қорытындылаған өңір басшысы.
