Ақтөбе облысында газ тартылатын ауылдар саны белгілі болды
Ақтөбе өңірінде газ тартылып, сумен қамтылатын елді мекендердің саны белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев облыстағы 319 елді мекеннің 172-сі газдандырылғанын, бұл 53,9% құрайтынын айтты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 21 басталған жобаның 8-і толығымен аяқталған, 13-і – 2025 жылға ауыспалы жобалар қатарында. Осы жобаларды іске асыра отырып, 9,8 мың тұрғыны бар 23 ауылға көгілдір отын тартылады. «QazaqGaz Aimaq» инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданы Қожасай ауылын газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, жақын арада 2,6 мың халқы бар тағы 6 ауылға газ жеткізіледі.
2025 жылдың соңына қарай 196 елді мекенге газ беріледі, бұл ауылдардың жалпы санының 61,4% құрайды. Бұдан басқа, 2025–2027 жылдарға 4,7 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа жобаға өтінім берілді. Оларды іске асыру арқылы 206 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Арысұлан Айтбаев.
Спикер атап өткендей, былтырғы жылдың желтоқсан айында Ақтөбеде магистральдық газ құбырының үшінші тізбегінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта газ құбырының учаскелерін толтыру және оны жұмыс қысымына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде газ құбырының өткізу қабілеті сағатына 526,5 мың м3 дейін ұлғайтылады, бұл қаланы қосымша табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елді мекендерді сумен жабдықтауға келер болсақ, бүгінгі таңда 319 ауылдың 291-і ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл 91,2% құрайды. 28 ауылда су ұңғымалары қолданылады. Ел Президентінің халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмалары аясында биыл Ақтөбе облысында бұл көрсеткіштерді 302 елді мекенге немесе 94,7%-ға жеткізу көзделген.
Ақтөбе қаласының тұрғын алаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Сарыбұлақ» және «Моисеев» сорғы станцияларын салу бойынша екі ірі жоба әзірленді. Екі жоба да мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, республикалық бюджеттен қаржыландыруға бағытталған. Осы жобаларды іске асырғаннан кейін қалаға тәулігіне қосымша 70 000 м3 су келіп түседі, бұл тұрғын алаптарды сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді, - деп нақтылады басқарма басшысы.
Су құбыры желілерінің тозу проблемасын шешу үшін облыс бойынша 13 жобаны іске асыру көзделген. Бұдан басқа, «Aqtobe su-energy group» АҚ 12,2 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңартпақ, осылайша облыс орталығындағы желілердің тозу деңгейін 29,5%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.