Жаңалықтар

Ақтөбе облысында «Абаттандырылған ауыл» жобасы іске қосылды

Бірегей өңірлік жоба ауылды абаттандыруды көздейді
Ақтөбе облысында «Абаттандырылған ауыл» жобасы іске қосылды
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі 05.02.2023 05:17 1201

Ақтөбе облысы Қобда ауданының Терісаққан ауылында «Абаттандырған ауыл» бірегей өңірлік жобасы іске қосылды, деп хабарлайды El.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетерлігі, жоба аясында ынтымақтастық туралы алғашқы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту туралы Жарлығын орындау мақсатында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жүзеге асырылды. Жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана емес, аудандардағы ірі және орта кәсіпорындарды тарта отырып, белгілі бір ауылды абаттандыруды көздейді.

Биыл жоба облыстың әр ауданындағы бір ауылды қамтиды. Осылайша дамыған инфрақұрылымы бар 12 үлгілі ауыл жаңаша кейіпке енеді. Қобда ауданында жоба Терісаққан ауылында жүзеге асады. Әкімдік пен жергілікті «Терісаққан» ЖШС, «Нұран» және «Атамекен» шаруа қожалықтары, терісаққандық кәсіпкерлер Марат Өтениязов пен Жандос Мырзабеков арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, 250 млн.теңгеден астам қаражатқа ангар үлгісіндегі спорт кешені, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, балалар ойнайтын және воркаут алаңдары салынып, ауылға кіреберісте арка орнатылуы тиіс. Айта кетейік, «Терісаққан» ЖШС «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысып, қатысушыларға ірі және ұсақ мал түрінде тауарлық несие берді.

Облыс әкімі кәсіпкерлерге әлеуметтік бағдар бергендері үшін алғысын білдірді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, біздің облыста үш негізгі бағыт бойынша жұмыс күшейтілді: ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, ауылдарда инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік салада тең мүмкіндіктер жасау. Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік қолдаудың арқасында көптеген кәсіпорындар мен кәсіпкерлер аяғына мықтап тұрды. Туған жеріне, жерлестеріне көмектесетін уақыт келді. Халықтың өркендеуі – олардың ісінің одан әрі табысының кепілі, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

«Абаттандырылған ауыл» жобасы аясында кемінде 120 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылады. Негізгі мақсат – ауылды ХХІ ғасырдың дамыған ауылына кезең-кезеңімен трансформациялау, халық сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға