Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғыны кәсіп бастады

Ақтөбе облысында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғыны кәсіп бастады
Фото: ОКҚ 17.05.2023 14:21 906

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта 2,5% жеңілдікпен несиелеу бағыты бойынша жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 776 отбасының жобалары мақұлданып, 3 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен бірге, Ақтөбе облысында алғаш рет республика бойынша қаржылық несиемен қатар 6 мың бас малды тауарлық несие ретінде берудеміз. Тауарлық несиенің ерекшелігі – бюджеттен бірде-бір тиын жұмсалмайды және қайтарым түрінің ақшалай емес, алынған төл есебінен өтеледі. Бүгінгі таңда 249 отбасына 3220 бас мал берілді, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жоба аясында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз істерін бастады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманатын» іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінді, Үкімет тарапынан қосымша 12,5 млрд теңге бөлу мәселесінде қолдау бар.
Қаражат толық көлемде игеріледі, деп сенім білдірді облыс әкімі.

Нәтижесінде, жыл соңында жобаға қатысушы ауылдардағы жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға қысқарады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғаяды. Жыл қорытындысы бойынша құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 3 есеге, көкөністермен 23% -ға және картоппен 20,1%-ға артады.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсету саласында түрлі кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, шаштараз, тігін шеберханасы, автокөлік жөндеу, ветеринарлық дәріхана және тағы басқа. Облыс басшысы қала тұрғындары да жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып жатқанын алға тартты. Жоба басталғалы бері 60-тан астам отбасы немесе 250-ге жуық адам қаладан ауылдық жерге көшіп, «Қаладан – ауылға» қозғалысын бастады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі көлемін ірі шаруашылықтар өндіреді деген пікір бар. Алайда, бүгінгі таңда өңірімізде жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріс басым. Мәселен, Байғанин ауданының 76 жастағы зейнеткер Құтым Қасенұлы бір ауланың өзінен жылына 9 тонна көкөніс алса, Ойыл ауданының тұрғыны Сапура Сағынқызы өз ауласынан 18 тонна көкөніс алуда. Олар ауылдастарының көкөністерге деген қажеттілігін 20% қамтамасыз етеді. Осындай 10-ға жуық жылыжайдың ашылуы ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға