Ақтөбе облысында 3 ірі су қоймасы төтенше дабыл жүйесімен қамтылды

Ақтөбе облысындағы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары жергілікті дабыл жүйелерімен қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық «Қазсушар» филиалының директоры Ринат Шауенов мәлімдеді. Төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін қажет дабыл жүйелері Ақтөбе облысы ТЖД орталық басқару пультіне қосылды.
Сонымен қатар, наурыз айының басында «Қазсушар» филиалы мен Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мамандары Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы гидротехникалық құрылыстар мен жабдықтарға тексеріс жүргізді. Нысандардың жағдайы қанағаттанарлық.
Еске салсақ, былтыр 36 жылда алғаш рет Елек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасына реконструкция жасалды. Бүгінде оның сыйымдылығы 245 млн текше метр. Су ресурстары және ирригация министрлігі Қарғалы су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық су шаруашылығы нысандарында инертті материалдар дайындалып, тәулік бойы кезекшілік жүргізілуде, - деді Ақтөбе облысының «Қазсушар» филиалының директоры Ринат Шауенов.
