Жаңалықтар

Ақтөбе облысы мен Шэньси провинциясы ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Ақтөбе облысы мен Шэньси провинциясы ынтымақтастық аясын кеңейтуде
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі 02.05.2025 04:14 336

Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы – Сиань қаласында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың провинция губернаторымен ресми қабылдауы өтті. Кездесу аясында өңірдің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, өңір басшысы провинция губернаторы Чжао Ганға Ақтөбе мен Сиань арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі туралы  бастама көтерді. Ол мұндай әуе қатынасының өңірлер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және туристік ағынды арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

Қабылдау барысында Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Шэньси провинциясының коммерция басқармасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат өңірлер арасындағы сауда, инвестициялық және технологиялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұдан соң Асхат Шахаров өңірлік бизнес өкілдерімен бірге Сиань өнеркәсіптік-инвестициялық корпорациясының «Цзинхэ» өнеркәсіптік паркінің қызметімен танысты. Аталған парк — инфрақұрылымы дамыған индустриялық аймақ және ол микроэлектроника, машина жасау, биотехнология және жаңартылатын энергетика сияқты жоғары технологиялық салаларға маманданған. Қонақтар шағын және орта бизнесті орналастыруға арналған жағдайлармен, сондай-ақ паркте жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Қазақстандық тарап «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағында осындай индустриялық алаң құруға қызығушылық білдірді.

Біз Қытайдың индустриялық даму саласындағы озық тәжірибесімен таныстық. Әсіресе бір өнеркәсіптік алаңда шағын және орта бизнес үшін жағдай жасау жобасы ерекше қызықты болды. Бұл бағыт арнайы экономикалық аймақ шеңберінде тиісті инфрақұрылым жасақтаған біздің өңіріміз үшін де өзекті.  Мұндай сапарлар қайта өңдеуді, металлургия саласын және жоғары технологиялық өндірістерді қалай дамытуға болатынын іс жүзінде көруге мүмкіндік береді, - деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ, делегация назарына Ақтөбе облысында іске асырылуы мүмкін жобалар ұсынылды. Олардың қатарында металл конструкцияларын, 3D-технологияларды және лифт жабдықтарын өндіру бар. 
 
Қытайдың Сиань қаласындағы ҚР Бас консулдығында әкім «Sinoma (SUZHOU) Construction Co., Ltd» компаниясының басшылығымен Алға ауданында цемент зауытын салу жобасын талқылау үшін кездесу өткізді. Кездесу барысында жалпы құны 200 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.Асхат Шахаров барлық келісімдер жақын арада нақты іс-қимылдармен жүзеге асырылатынын атап өтті.

Сиань қаласы біздің сапарымыздың басты нүктелерінің біріне айналды. Мұнда нақты келіссөздер жүргіздік және аймақ экономикасына қызығушылық тудыратын ұсыныстар алдық. Өткен жылы Қазақстанның Сианьдағы консулдығының ашылуы бізге екіжақты байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндіктер берді. Біз одан әрі жемісті ынтымақтастыққа дайынбыз және бірлескен бастамаларды іске асыруға ашықпыз, - деп атап өтті облыс әкімі.

Ақтөбелік делегацияның Қытайға жасаған сапары осылайша Сианьдағы кездесумен қорытындыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға