Жаңалықтар

Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Корея инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Корея инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ниетті
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 03.12.2023 03:36 5261

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Корея Республикасының ҚР Консулдығының атташесі, Корея сауда және инвестицияны ынталандыру агенттігінің бас директоры Ким Джунг-хунмен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін талқылады.

Ақтөбе облысы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Қазақстан мен Оңтүстік Корея кеңейтілген стратегиялық әріптестікке қол жеткізді. Облыс аумағында «Алтиес Петролеум» Корея ұлттық компаниясы жұмыс істейді және біз ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, машина жасау және құрылыс сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытатын әлеует барын көріп отырмыз. Біз Ақтөбе облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша ынтымақтастықты арттырып, жұмысты жалғастыруға ниеттіміз, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

 Өз кезегінде Ким Джунг-хун екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген қызығушылығын тағы да растады.

Ақтөбе облысы өзінің географиялық орналасуы және ресурстарымен, инвестициялар мен жаңа жобаларды іске асыруымен тартымды. Біз белсенді байланыстар мен өзара тиімді іскерлік және мәдени қарым - қатынастарды одан әрі дамытуға ынталымыз, - деді Ким Джунг-хун.

Кездесуге жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының басшылары, Ақтөбе облысы корейлер қауымдастығының төрағасы Юрий Шек қатысты.

Өңірге сапары барысында атташе Ким Джунг-хун «Даму» қоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және бизнесмендердің облыстық басшылығымен дөңгелек үстелге қатысып, «Ақтөбе ӘКК» индустриялық аймағын аралайды.

Айтып өтейік, өткен аптада ақтөбелік делегация Оңтүстік Кореяға іссапармен барып қайтты. Сапар аясында олар бірнеше өндіріс орнын аралап, өндірістік-техникалық мүмкіндіктерін көрді. Сонымен қоса, ІТ, көлік және т.б салалардағы жаңа технологиялармен танысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға