Жаңалықтар

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылды

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі 01.02.2025 04:27 107

Үкімет қаулысына сәйкес Ақтөбе облысындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл аймақ 2049 жылдың соңына дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімдіктің мәліметінше, АЭА құрудың негізгі мақсаты – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету. Жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Сондай-ақ экономикадағы байланысты салалардың дамуына ықпал етеді.

«Ақтөбе» АЭА негізгі міндеттері өңірдің экономикалық өсімін ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, өнеркәсіптің жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға бағытталған. Арнайы экономикалық аймақ жалпы 858 гектар аумақты қамтиды.

Көлік-логистикалық бағыттағы 9 негізгі сала мен өнеркәсіптің 29 бағытын дамыту жоспарланған. Қазіргі заманғы өндірістер құруға, инновациялық технологияларды енгізуге және отандық әрі халықаралық жетекші компанияларды тартуға баса назар аударылады.

АЭА қатысушылары ретінде экономиканың түрлі секторларында қызмет ететін жергілікті және шетелдік инвесторлар бола алады. Сондай-ақ, бірнеше компания бірлескен жобалар әзірлеуіне, ортақ ресурстарды пайдалануына мүмкіндік беретін кластерлер құру көзделген.Ал инвесторларға жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған: 

- Корпоративтік табыс салығынан босатылады;
- АЭА аумағында сатылатын тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі – 0%;
- Жер және мүлік салықтарынан, сондай-ақ жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады;
- Кедендік баж салығынан босату;
- Квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту;
- АЭА аясында жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету және жер телімін жалға беру (АЭА жұмыс істеген мерзімі, кейіннен басым құқықпен сатып алу мүмкіндігімен).

Қазіргі уақытта  арнайы экономикалық аймағының  сыртқы және ішкі инженерлік желілерінің құрылысы әлі басталған жоқ. Құрылыс жұмыстары республикалық бюджеттен 16 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген соң, 2025-2026 жылдары жүргізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға