Ақтөбе әкімі су тасқынында көмектескен құтқарушыларға алғысын білдірді

30 наурызға қараған түні Алматыдан Ақтөбе облысына көмекке келген Республикалық жедел құтқару жасағы өз миссиясын аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Енді 20 құтқарушы БҚО-да су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысады.
Жасақ Ойыл ауданының Қаратал ауылынан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Олардың көмегімен 120-дан астам құтқарылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров қиын сәтте жерлестеріміздің жанынан табылған, оларды құтқаруға бар күшін салған қауіпті мамандық иелеріне алғысын айтты.
Еліміздегі су тасқынының өтуі - Президенттің қатаң бақылауында. Осындай қауіпті кезде сіздер мамандықтарыңызға адал екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Жауапкершілік міндетін мойындарыңызға алып, қауіп-қатерге қарамастан, өз өмірлеріңізді сарп ете отырып, өңірімізге көмекке келдіңіздер. Көрсеткен үлкен ерліктеріңізге зор алғыс. Аман жүріңіздер, - деп атап өтті Асхат Шахаров.
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
