Ақтаудағы ұшақ апатынан соң еліміздегі әуежайлар тексерілді

Үкіметте Қазақстанның авиакәсіпорындарын тексеру нәтижелері айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Авиациялық әкімшілік негізгі ірі авиакәсіпорындарды, Астана, Павлодар, Алматы, Ақтау, Шымкент, Өскемен қалаларындағы 6 әуежайды әуеайлақтардың техникалық жай-күйі, ұшуларды авариялық-құтқару және орнитологиялық қамтамасыз ету, алты тұрақты әуе тасымалдаушының 71 азаматтық әуе кемесін перрондық тексеру тұрғысынан тексерді.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Радудың сөзінше, тексеру нәтижесінде 18 бұзушылық жойылды.
Сондай-ақ 686 ұшқыштың дайындығы мен ұшу алдындағы бақылауына талдау жүргізілді. Сонымен қатар Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне қоса, азаматтық авиацияның негізгі субъектілерін жоспардан тыс тексеру жалғасуда, - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда 47 әуе кемесін пайдаланушы бар, ҚР ҚК тізілімінде 944 әуе кемесі тіркелген, олардың 377-сінің ұшуға жарамдылық сертификаттары бар.
Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жыл сайынғы бағдарламаға сәйкес 2024 жылы 960-тан астам іріктелген және жоспардан тыс тексерулер, сертификаттық зерттеулер жүргізілді. Қорытындысы бойынша 1210 рұқсат құжаты берілді. Саланың 18 субъектісіне қатысты шектеу сипатындағы шаралар қабылданды. 2025 жылға 820 тексеру жоспарланған.
