Жаңалықтар

Ақтаудағы Иран консулдығында Президент сайлауына дауыс беру жалғасып жатыр

Ақтаудағы Иран консулдығында Президент сайлауына дауыс беру жалғасып жатыр
Фото: mangystaumedia.kz 28.06.2024 19:02 785

Иран Ислам Республикасының кезектен тыс Президент сайлауына орай Ақтауда аталған елдің консулдығында дауыс беру науқаны басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Иранның Ақтаудағы бас консулы Ғоламреза Хашеми аталған саяси шараның кезектен тыс өтіп жатқанын жеткізді.  

28 маусымда Иран бойынша 14-ші президент сайлауы өтіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстанда Иранның үш сайлау учаскесі Астана, Алматы, Ақтау қалаларында ашылды. Ақтаудағы консулдықта сайлау таңғы 9-да басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Бұрын өткен президент сайлауында Ақтауда 70-80 адамға дейін келіп дауыс беретін. Бүгін Ақтауда дауыс беруге құқылы екі топ бар. Олардың бірінші сауда-саттықпен айналысатындар болса, екіншілері Ақтауда тұрып жатқан Иран азаматтары. Жобамен 80-ге жуық адам келіп дауыс береді деп отырмыз, - деді консул. 

Сонымен бірге, ол әлем бойынша үш жүзден астам сайлау учаскелерінің жұмыс істеп тұрғанын айтты. 

Әлемде Ирандағы сайлауға байланысты 340 сайлау учаскесі ашылды. Соның бірі Ақтауда жұмыс істеп тұр. Әуелде сайлауға 6 кандидат ұсынылды. Оның екеуі өз еркімен бас тартты. Бүгінгі сайлау додасына 4 үміткер қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы түрлі партиядан бақ сынауда. Шарт бойын олар сайлаушылардың 50 пайыз дауысын жинау керек. Оған жетпеген болса, келесі жұма күні сайлаудың екінші кезеңі өтеді. Оған бүгін ең жоғары дауыс жинаған екі адам қатысады, - деді Ғоламреза Хашеми.

Кезектен тыс сайлауға 4 үміткер тіркелген. Консулдың сөзінше, олардың әрқайсысы беделді саяси тұлғалар. 

Биылғы сайлау кезектен тыс өтіп жатыр. Бұрынғы президент бір айдан астам уақыт бұрын әуе апатынан қайтыс болды. Бүгін оның қазасына 40 күн толды. Иранның заңы бойынша мұндай оқыс жағдайда вице-президент билікті алып, 50 күннің ішінде президенттік сайлауды өткізуі керек. Иран билігі президенттік және парламенттік жүйеде іске асырылады. Бүгін додаға түсіп жатқан 4 адам ел арасында беделге ие саяси тұлғалар, - деді Ғоламреза Хашеми.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға