Ақтаудада ЖОО студенттері арасындағы Универсиада аяқталды

Ақтауда еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері арасында XII жазғы Универсиаданың ресми жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, Yessenov University президенті Берік Ахметов, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы Спорттық іс-шаралар, статистика және талдау басқармасының басшысы Мира Мұхамадиева қатысты. Қонақтар еліміздің барлық өңірлерінен келіп, байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтады.
Универсиада қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ иеленді, оның қоржынында 39 Алтын, 27 күміс және 22 қола медаль бар. 30 алтын медальмен екінші орынға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ие болды. Yessenov University студенттері 23 алтын медаль жеңіп алып, жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтау қаласында XII жазғы Универсиаданың ресми ашылу салтанаты 5 маусымда «Маңғыстау-арена» кешенінде өтті. Жазғы Универсиадаға Қазақстанның 55 университетінен 3000-нан астам студент қатысып, 17 спорт түрінен бақ сынасты.
Универсиаданың барлық жеңімпаздары 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайда өтетін XXXI Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға және 24-29 қыркүйекте Түркістанда өтетін II-ші түркі Универсиадасына қатысуға жолдама алады.
2025 жылғы келесі XIII жазғы Универсиаданың ұйымдастырушысы мәртебесін Тараз қаласы алды. Dulaty University ректоры мен спортшылар командасы Универсиаданың туын салтанатты түрде қабылдады.
