Ақтауда зорлық көрген 18 жастағы мүгедектігі бар жігіттің анасы жағдайды айтты
![Ақтауда зорлық көрген 18 жастағы мүгедектігі бар жігіттің анасы жағдайды айтты Ақтауда зорлық көрген 18 жастағы мүгедектігі бар жігіттің анасы жағдайды айтты](/storage/storage/element/2025/02/13/mainphoto/142300/1200xauto_1UIFzoQhya0tcZsdTv93UW9iTVs4LaU79clnFy9A.png)
Ақтауда 18 жастағы бірінші топтағы мүгедек жігітті зорлап кеткен күдікті іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Жігіттің анасы ақыл-есі жетілмеген ұлын көлігіне салып, қорлаған азаматтың бостандықта жүргеніне наразы. Әйел тергеу тым баяу жүріп жатқанын айтып, ішкі істер министрлігінің істі бақылауға алғанын талап етті.
Ақтаулық жігіттің туғаннан бастап ақыл-есінде кемістігі бар. Ерекше қажеттігі бар жігіт қорлығын әлі ұмытпаған, бәрін баяндады.
Теңіз жаққа тастардың үстіне апарды. Тыға берді, үш рет тықты. “Балам жоқ, әйелім жоқ” деп айтты. Сосын мені “зорлап кетемін” деді. Көлікті кілттеп қойды, – деді ол.
Айтуынша, сұмдық оқиға 27 желтоқсанда болған. Досымен кездесуге шыққан оны белгісіз ер адам көшеден көлігіне отырғызып алып кетіп, арам ойын іске асырған. Сосын теңіз жағасына апарып зорлаған дейді. Одан соң далаға тастап, қашып кетті. Жігіт үйге жылап келген.
Көліктің артына салып, есікті кілттеп алып, шалбарыңды шеш деді. Содан соң ол кісі шалбарын, белдігін шешіп дайындап, көліктің ішінде баламды зорлады. “Айқайлай бердім, көмек сұрағым келді, мамама айтып беремін” дегенде, "менің әйелім жоқ, бала-шағам жоқ, енді сені зорлаудан басқа амалым жоқ" деп зорлады. Мама “менің екі жерім ауырып тұр” деп келді, – деді жәбірленушінің анасы Оразгүл Қонысова.
Жалғызбасты ана Оразгүл Қонысова тергеу жұмыстарына көңілі толмайды. Айтуынша, бір айдан асса да, тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын әлі анықтамаған.
Сол істі маған тезірек шешіп, кінәлі адамды тауып берсін. Сарапшы бізді 4 күн бойы алмады. Сосын бізге бақылау камерасының жазбасын бермеді, – деді ана.
Полицейлер "сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қажет сараптамалар тағайындалып, бейнебақылау камерасындағы жазбалар зерттеліп жатыр деп ақталды.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажет сараптамалар тағайындалды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерттеліп жатыр. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр. Видеожазбалар жоқ деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оразгүл Қонысова баласымен көшеге шығуға қорқып қалғанын айтады. Күдікті қастандық жасауы мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан ұлын қорлаған азаматты тезірек қамауға алуды талап етті.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)