Ақтауда жазғы Универсиада басталды
Ақтау қаласында еліміздегі жоғары оқу орындарының студентері арасындағы XII жазғы Универсиадасының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, «Маңғыстау-Арена» спорт кешеніне мыңдаған адам жиналып, шоу бағдарламаны тамашалады.
Универсиадаға қатысушы спортшылардың салтанатты шеруі сахнаның сәнін арттырды. Кеш қонақтарына «Кемелдікке жеткізер күш – білім мен ғылым!» атты театрландырылған қойылым ұсынылды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев рәсімнің ресми бөлімін құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан студент жастарды республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларға тарту жұмыстары қарқын ала түскенін айтты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, XII жазғы Универсиада ашық деп жарияланды.
Ақтау универсиадасының жеңімпаздары 28 шілде – 8 тамыз аралығында Қытайда өтетін XXXI Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға және 24-29 қыркүйекте Түркістанда өтетін II Түркі Универсиадасына қатысуға жолдама алады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Yessenov University ұйымдастыруымен алғаш рет Ақтау қаласында өтіп жатқан XII жазғы Универсиада ойындары 24 мамыр күні басталған болатын. Бір айға – 24 маусымға дейін жоспарланған студенттер сайысы 17 спорт түрінен, 20 жарыс бойынша жүріп жатыр. Оған еліміздің 55 университетінен 3000-нан астам студент қатысуда.
Универсиаданың жабылу салтанаты 22 маусым күніне жоспарланған.